Астанада нейрохирургияның жаһандық көшбасшылары бас қосты

Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.

АСТАНА. KAZINFORM — 27-28 маусым күндері елордада Уолтер Денди атындағы нейрохирургиялық ассоциациясының (Walter E. Dandy Neurosurgical Society) X Дүниежүзілік конгресі өткізіп жатыр, деп хабарлайды Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.

Мерейтойлық форумға АҚШ, Еуропа, Азия, ТМД және Таяу Шығыстағы жетекші нейрохирургтарды қоса алғанда, 20 елден 400-ден астам делегат келді.

Конгресс — нейрохирургия саласында халықаралық деңгейде танымал көшбасшы, Уолтер Дэнди қауымдастығының негізін қалаушы және халықаралық клиникалық стандарттарға айналған көптеген ғылыми жұмыстың авторы, Ассоциацияның Жаһандық Президенті — профессор Салим Абдулрауфтың (Salim Abdulrauf) жетекшілігімен өткізіліп жатыр.

Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.

Walter E. Dandy ассоциациясы 2011 жылы АҚШ-та заманауи нейрохирургияның негізін қалаушылардың бірі — доктор Уолтер Эдвард Дэндидің құрметіне құрылды. Ұйым құрылған сәттен бастап бүкіл әлемде озық тәжірибені насихаттауға, ғылыми біліммен алмасуға және нейрохирургиялық көмек деңгейін арттыруға бағытталған. Қазақстанда X Конгресс өткізу — отандық нейрохирургияның жетістіктерін мойындау және жоғары халықаралық сенімнің айғағы.

Іс-шараның екі күндік бағдарламасында 40-тан астам ғылыми баяндама, дөңгелек үстел, пікірталастар мен шебер-кластар бар. Ең өзекті мәселелер талқылануда: инновациялық нейрохирургиялық тәсілдер, нейрохирургияда жоғары технологияларды қолдану, күрделі тамырлы және онкологиялық патологияларды емдеу, сондай-ақ функционалдық және балалар нейрохирургиясындағы жаңа бағыттар.

— Астанада Конгресс өткізу — әлемдік аренада қазақстандық нейрохирургияны құрметтеу мен мойындаудың белгісі. Біз елімізде әлемнің үздік мамандарын құшақ жая қарсы алуға әрқашанда дайынбыз. Астана — жаһандық диалог, білім алмасу және жаңа медициналық идеялар орталығына айналуда. Жыл сайын біздің Орталықта 5 мыңнан астам операция жасалады. Орталық сонымен қатар ғылыми қызметпен белсенді айналысады. Қазіргі уақытта Ұлттық нейрохирургия орталығы әзірлеген әдісті: омыртқа денелерін ауыстыруға арналған дербестендірілген 3D технологиялық импланттарын коммерцияландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл әдістің практикалық қызметке интеграциясы — әдістің енгізу ауқымының ұлғаюы мен масштабтау перспективаларын ашады. Сондай-ақ, біздің Орталықта Орталық Азиядағы жалғыз радиохирургиялық кешен — «Гамма-пышақ» аппараты жұмыс істейді. Бүгінгі таңда оның көмегімен 2000-нан астам пациент емделді. Орталық Азия елдерінде «Гамма-пышақ» аппаратын пайдалану ауқымын кеңейту мақсатында үкіметаралық келісім жасасу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деп атап өтті «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, Уолтер Дэнди атындағы нейрохирургиялық ассоциацияның X Дүниежүзілік конгресінің Президенті, профессор Серік Ақшолақов.

Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.

Конгрестің салтанатты ашылуына Walter E.Dandy нейрохирургиялық ассоциациясының Дүниежүзілік конгресінің Жаһандық Президенті — Saleem Abdulrauf (АҚШ), ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Е.Б. Көшербаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназарова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының Президенті А.К. Күрішбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Қ. Аймағамбетов және Ғылыми-зерттеу институттары мен Медициналық орталықтардың бірінші басшылары қатысты.

Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.

Салтанатты шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолданған құттықтауымен ашылды. Президенттің құттықтау хатын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев оқып берді.

— Қадірлі қауым! Баршаңызды Уолтер Э. Денди атындағы нейрохирургтер қауымдастығының оныншы дүниежүзілік конгрессінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл — нейрохирургия саласындағы әлемнің ең үздік мамандары бас қосатын маңызды жиын. Қазақстан медицинаның озық технологияларға негізделген осы бағытын дамытуға баса мән береді. Еліміздегі Ұлттық нейрохирургия орталығы инновациялық емдеу тәсілдерін қолдану арқылы мыңдаған адамның өмірге оралуына ықпал етіп отыр. Мұнда радиохирургияның «алтын стандарты» саналатын, Орталық Азиядағы жалғыз Гамма-пышақ жүйесі сәтті пайдаланылып келеді. Сонымен қатар, орталықта жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге де жоғары күрделілік деңгейіндегі оталар жасалуда. Ғылым мен технологияның соңғы жетістіктері, сондай-ақ жасанды интеллектінің әлеуеті нейрохирургия саласының көкжиегін кеңейте түсетіні сөзсіз. Бұл бағыттағы тұрақты даму үшін салааралық өзара іс-қимыл мен жаһандық медициналық қауымдастықтың ынтымақтастығын нығайту аса маңызды. Алқалы жиын кәсіби мамандардың ғылыми идеялар мен емдеу тәжірибесін алмасуына, сондай-ақ халықаралық байланыстарды жандандыруға тың серпін береді деп сенемін. Конгресс жұмысына табыс тілеймін! — делінген хатта.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ұлттық нейрохирургия орталығында жыл сайын жүйке жүйесінің ең күрделі патологиясы бар пациенттерге 5000-ға жуық операция жасалады.

Бұдан бұрын Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері әйелдің миындағы алманың көлеміндей ісікті алып тастағанын жазған едік.