Астанада «Нұрлы жол белестері» көрмесіне қазақстандық өнер шеберлерінің туындылары қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Тәуелсіздік сарайының қазіргі заман өнер галереясында «Нұрлы жол белестері» атты көрме өтіп жатыр.

Экспозицияға Астана қаласы Суретшілер одағының жұмыстары шығарылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен. Көрмеге түрлі бағыттағы 139 жұмыс - классикалық портрет, пейзаж, символизм стиліндегі сюжеттік композициялар, сонымен қатар зергерлік әшекейлер мен сәндік-қолданбалы бұйымдар қойылды. Картиналардың стильдік, бейнелік және орындау техникасы жағынан түрлілігі Суретшілер одағы ұжымы шеберлерінің шығармашылық ізденісін айқындайды. Ұсынылған жаңа экспозицияда ұлттық өнерді мәдени сәйкестендіру барысы айқын жүзеге асты. Көрмеге К.С.Ахметжан, А.Е.Алпысбаев, Ш.Е.Айдос, Т.Байғалиев, М.С.Байтенов, Т.Б.Батанов, А.Бектас, А.А.Дінікеев, Л.Е.Жанпейісова, К.Р.Қажекенов, А.Б.Қадырбеков, А.Ж.Мүсәлімов және т.б. танымал қазақстандық суретшілердің туындылары қойылған. Көрменің мақсаты - «Нұрлы жол» бағдарламасын қолдау және Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы: «Отанды сүю - бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні - осы!» сөздерін іске асыру. Шара 20 наурызға дейін жалғасады, көрмеге кіру - тегін.