Турнирдің негізгі мақсаты ҚР ПКҚ және басқа да бөлімдердің кәсіби шеберлігін шыңдау. Мұндай жарыстарға қатысушылар өмірде кездесетін түрлі жағдайларға ұқсас тапсырмалар орындау арқылы кәсіби дағдалары мен шеберліктерін одан сайын жетілдіре түседі.
Бұрын жарыстар тек Президенттік күзет қызметкерлерінің арасында өткізіліп келген, ал 2003 жылдан бері еліміздің және шет елдердің мемлекеттік мекемелері мен әскери бөліністерінің арнайы қызметкерлері шақырыла бастады.
2010 жылы VIII Халықаралық «Оққағар» қызметтік көпсайыс турнирі өткен болатын. Оған алғаш рет Украина мен Беларусьтің командалары қатысып, Армения бақылаушы ретінде атсалысқан еді.
Турнир үш күнге созылады. Осы үш күн ішінде жарысқа қатысушы командалар лауазымды тұлғаны көпшілік арасымен алып жүру бойынша, жекпе жек өнерінен, суда жүзу эстафетасынан, тапаншадан ату бойынша, жарылғыш құрылығы орнатылған көлікті залалсыздандырудан және 5 шақырым аумақта кедергілер арқылы жүріп өтуден сайысады.
Биылғы турнирге еліміздің түрлі күш құрылымдарының командаларынан өзге Украина Президентінің қауіпсіздік қызметі үкілеп қосқан топ та өз өнерлерін көрсетеді.