Астанада оқушы мектеп баспалдағынан құлап, ауруханаға түсті
Астанада мектеп оқушысы баспалдақтан құлап жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана қаласының №14 мектеп-гимназиясының оқушысы екінші қабатқа көтеріліп бара жатып баспалдақтан құлап кетті. Баланың айтуынша, оны сыныптасы итеріп жіберген. Оқиға орнына шұғыл түрде жедел жәрдем шақырылды. Оқушы қалалық балалар ауруханасында жатыр. Есін біледі, жағдайы тұрақты. Комаға түскен жоқ», - деді қалалық Білім басқармасынан.
Басқарма мәліметінше, мектеп баспалдақтарында таянышы жоқ деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Білім басқармасы аталған оқиғаға қатысты мектеп директорына қатысты шара қабылдау мәселесін қарастырып жатыр.
Айта кетейік, Telegram-пабликтердің бірінде балаға шұғыл ота жасау керектігі, ондай ота елімізде жасалмайтындығы айтылады. Сонымен қатар бала басынан жарақат алып, соның салдарынан көру қабілеті нашарлағаны атап өтіледі.