Астанада оқушыларға арналған су үнемдеу зертханасы таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы «TANYM» көпфункционалды кешенінде «AQUA LAB: СУ. STEAM. ЖАСЫЛ МЕКТЕП» практикалық семинары өтіп, оқушылардың су үнемдеу саласындағы зерттеулері мен жобаларына арналған AQUA LAB зертханасы таныстырылды, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жобаға Су ресурстары және ирригация министрлігі бастамашы болған. Оны «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ Оқу-ағарту министрлігі және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Жобаға Chevron және Coca-Cola компаниялары, «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры мен «TANYM» көпфункционалды кешені серіктес ретінде қатысуда.

Семинарға елорданың 20 тірек мектебі директорының тәрбие жұмысы және бейіндік оқыту жөніндегі орынбасарлары қатысты.

AQUA LAB зертханасында оқушылар су үнемдеу тақырыбында зерттеулер мен тәжірибелер жүргізіп, STEAM-жобалар әзірлейді. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған өз шешімдерін іс жүзінде сынақтан өткізе алады.

– Оқушылардың су туралы білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде қолдана алуы маңызды. Яғни зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасап, өз шешімдерін ұсына білуі керек. «Су сандығы» мен AQUA LAB бірін-бірі толықтырады: ресурс педагогтерге әдістемелік құралдар ұсынса, зертхана оқушылардың практикалық жұмыс жүргізуіне мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

Зертхананың әдістемелік негізі ретінде «Су және білім» жобасы аясында әзірленген «Су сандығы» ресурсы пайдаланылады. Оның аясында су саласындағы білім беру мен ағарту бағытындағы озық тәжірибелер жинақталған.

«Су және білім» жобасына Француз даму агенттігі (AFD), Халықаралық Аралды құтқару қоры және ЮНИСЕФ қолдау көрсеткен.

Семинар қорытындысы бойынша білім беру тәжірибелерін сынақтан өткізуге, сондай-ақ бірлескен зерттеу және экологиялық жобаларды жүзеге асыруға қатысатын елордалық мектептердің пулын қалыптастыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Астаналық оқушы тұшпара жасап, өз кәсібін дамытып жүр.