Астанада Олимпиада ойындарындағы жарысты тікелей эфирден тамашалауға болады

Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – 14 ақпанда Астана қаласында Есіл өзенінің жағалауында Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясындағы жарыстарды ұжым болып тамашалауға болады. Аталған іс-шараны Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады.

Бұл іс-шара «Бұрқасын-2026» қысқы қалалық фестивалі аясында өтеді.

Әйелдер арасындағы параллельді могул сайысы көрермен назарына ұсынылады. Аталған жарысқа Қазақстан спортшылары да қатысады. Олимпиаданы тамашалау фестивальдің мазмұнды бағдарламасының бір бөлігі болып, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін спорттық бәсекелерді, мәдени іс-шаралар мен интерактивті алаңдарды біріктірмек.

«Бұрқасын-2026» фестивалінің салтанатты ашылуы сағат 10:00-де өтеді. Күн бойы 13 спорт түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, 16 жас және әлеуметтік санаттағы шаңғы жарыстары, гир спорты, армрестлинг, пима киген күйдегі хоккей, белбеу күресі, мотокросс, автоспорт, арқан тарту, қысқы мини-футбол, қармен лақтыру, қысқы волейбол, мас-рестлинг және үрлемелі шанамен жарыстар өтеді.

Негізгі спорттық бағдарламадан кейін бас сахнада арнайы олимпиадалық блок басталады. Сағат 14:00-де 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясында әйелдер арасындағы параллельді могул сайысын тікелей эфирде тамашалауға болады.

Трансляция алдында көрермен үшін сергіту жаттығулары мен жүргізушімен интерактив ұйымдастырылады. Сондай-ақ олимпиадалық тақырыптағы сұрақтарға жауап беруге арналған «Олимпиадалық блиц» байқауы өтіп, жеңімпаздарға сыйлық табысталады.

Жарыс кезеңдері арасындағы үзілістерде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің серіктесі Invictus GO брендінен және ҚР ҰОК-тің естелік сыйлықтары ойнатылады.

Олимпиадалық жарыстардың тікелей көрсетілімі сағат 14:00-де басталады.

Фото: ҚР ҰОК

Айта кетейік, 13 ақпан күні Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындарының алтыншы жарыс күні басталды.