Астанада он саусағынан өнері тамған зергердің көрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент Музейінде белгілі зергер, Халықаралық Карл Фаберже Орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібайдың «Халық қазынасының мұрагері» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары Күлайша Ақтаева, суретші-зергер Естай Даубаев, ҚР Мәдениет қайраткері Жеңіс Кәкенұлы және басқа да өнер иелері қатысты.

«Берік Әлібайдың бүкіл өмір жолы осы өнер саласында өтіп келеді. Ол өзінің еңбегімен, талантымен, елге деген ерекше ынтасымен бірқатар жетістікке жетіп жүрген азамат. Оның шеберханасына кірген адам қайтіп шыққысы келмей қалады. Неге десеңіз, қол өнер бұйымдары мен зергерлік бұйымдардың көздің жауын алатын неше түрлісі осында. Бүгінгі көрмеге де осы шеберіміздің қолынан шыққан құнды бұйымдар қойылып отыр. Сондықтан оларды тамашалаймын деген әр адамға ерекше әсер ететіні сөзсіз», - деп атап өтті көрмені ашып берген министр А. Мұхамедиұлы.

Көрмеде Б. Әлібайдың авторлық зергерлік жұмыстары екі көрме залына қойылған. Онла қазақ батырларының қару-жарақтарын, сондай-ақ дәстүрлі қазақ қоғамына тән хандардың билік нышаны болып табылатын асатаяқтарды көруге болады. Сонымен қатар қазақ қыздарының әшекей бұйымдары, қос білезіктер, сырғалар, бойтұмарлар, өңіржиектер, жүзіктер қойылған. Экспонаттардың барлығы көбіне маржан, малахит, лағыл, ақық сынды асыл тастармен безендірілген.

«Көрмеге соңғы он шақты жылдағы қолымнан шыққан еңбектерім қойылып отыр. Олардың кейбірі он шақты жыл бойы осы музейде тұрған экспонаттар. Мәселен Астананың алғашқы тойында Елбасыға сыйланған асатаяғым да бүгінгі көрмеде тұр», - дейді көрме авторы Б. Әлібай.

Айта кетейік, зергердің қолынан шыққан бұйымдар «Тәуелсіздік Сарайындағы» этнография және қолданбалы өнер галереясында, ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде, ҚР Орталық мемлекеттік музейінде және ҚР Ұлттық музейі қорларында, сондай-ақ жеке коллекционерлер мен шетелдік галереяларда сақтаулы.

Б. Әлібай 2013 жылы Санкт-Петербор қаласында Карл Фаберже халықаралық мемориалдық қорының «Еңбегі сіңген зергер» гауһар тасты Орденімен және 2014 жылы «Мұсылман әлемінің құрметті зергері» ордендік белгісімен марапатталған.

Көрме 15 желтоқсанға дейін жалғасады.