Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардан келіп түскен саулдарға жауап берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
Әкімге хат жазған елордалық тұрғын О.Ескендіровтың айтуынша, соңғы уақыттары Астананың көшелерінде қайыршы-сығандар көптеп кездесе бастады. Көшенің ортасында көлік жүргізушілерінен, әлеуметтік нысандардың алдында жүргіншілерден садақа сұрап, тұрғындардың мазаларын алады. Оның пікірінше, қайыршылықпен өмір кешетін мұндай адамдар елорданың беделіне нұқсан келтіреді.
И.Тасмағамбетовтың айтуынша, бейәлеуметтік өмір кешетін, люли халқына жататын Өзбекстан азаматтарын Астанадан депортациялау Ішкі істер департаменті қызметкерлері өткізетін шұғыл-алдын алу іс-шараларының нәтижесі бойынша жылына бірнеше рет жүзеге асырылады.
«Соңғы рет мұндай іс-шаралар 1-17 қыркүйек аралығында жүргізілді. Оның барысында 135 адам, соның ішінде 35 бала анықталып, тұрақты тұрғылықты жерлеріне жөнелтілді. Онымен бірге, оларды анықтау бойынша жұмыстар топтасып өмір сүретін және жүруі мүмкін жерлерде, атап айтқанда, «Шарын» мен «Орталық» базарларында, «Бақ» сауда үйінің, Республика, Жеңіс даңғылдарының, Софиев күре жолының, Бейбітшілік, Қарағанды, Затаевич, Уәлиханов, Қошқарбаев, Майкөтов, Сенная көшелері мен мешіттер аумақтарында күнделікті жүргізіледі», - деп атап өтті әкім.
Қала басшысының айтуынша, өкінішке қарай, депортацияланғаннан кейін олар әтүрлі айла-тәсілдермен Астанаға қайта келіп, келесі рет ұсталып депортация жасалғанға дейін тілемсектікпен айналысуды жалғастырады.
«Люли халқының менталитеті сол, олар не Қазақстанның заңдарына, не халықаралық келісімдердің нормаларына мойынсұнбайды. Сондықтан оларды Астанадан түбегейлі кетіру оңай емес. Бірақ бұл мәселе ішкі істер органдарының ұдайы жіті назарында», - деп түйіндеді И.Тасмағамбетов.