Астанада он жылға созылған сауда орталығының құрылысы қашан аяқталады

Фото: Фото; Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Республика даңғылы мен Иманов көшесінің қиылысында сауда және ойын-сауық орталығының құрылысы бірнеше жылдан бері аяқталмай келеді. Сауда орталығы құрылысының ұзаққа созылуына не себеп, ол қашан бітеді? ҚазАқпарат тілшісі сұрақты қалалық әкімдікке жолдаған еді.

Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі банктік инвестициялар бойынша ауыртпалықтарға байланысты (Jusan Bank) «Сити Палас» сауда, ойын-сауық орталығы құрылысының тоқтатылғанын хабарлады.

«Бүгінде аталған нысанға тапсырыс беруші «Merey real estate managment» ЖШС құрылысты аяқтау үшін жеке инвестиция тарту мәселесін пысықтап жатыр. Бүгінгі таңда нысан 60% дайын», - делінген хабарламада.


Құрылысы бітсе, жаңа сауда орталығында дүкендер, дәмхана мен мейрамханалар, кинотеатр болады. Орталық сауда, ойын-сауық, демалыс және қарым-қатынас үшін әртүрлі мүмкіндіктер ұсынады. Нысанның 0 қабатында 190 көлікке арналған тұрақ, техникалық үй-жайлар орналаспақ.

Бірінші қабатта сауда және қосалқы орындар, 209 көлікке арналған паркинг, қойма және қызметтік-тұрмыстық үй-жайлар болады. Екінші және үшінші қабаттарда – сауда бутиктері, қосалқы және қызметтік-тұрмыстық орындар, 285 орындық паркинг, қойма үй-жайлары.


Төртінші қабатта қысқы бақ, сауда орындары, 370 тамақтану орындары (фудкорт), 200 орындық мейрамхана, ойын-сауық аймағы орналасады.

Бесінші қабатта жалпы сыйымдылығы 1 494 орындық (7 зал) кинотеатр және сауда бутиктері орналасады. Сауда залдарында бір мезгілде 50% толтырумен 7 943 адам сыяды.