Осы мақсатта Астанадағы мешіттердің алдына киіз үйлер құрылып жатыр.
«Қасиетті айдың қуанышын сүйіншілейтін Ораза айт күндері елорда мешіттерінде түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. 2014 жылдың 28 шілде күні сағат 06:00-06:30 аралығында қасиетті Құран аяттары оқылып, 06:30-07:00 аралығында Ораза айтына арналған мерекелік уағыз айтылып, айт намазының оқылу ерекшелігі баяндалады. Сағат 07:00-де мерекелік Ораза айт намазы оқылады. Сосын елордалық мұсылмандарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында сағат 10:00-ден бастап, бас шаһардағы «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «С.Ғылмани» мешіттерінің аулаларына киіз үйлер тігіліп, мерекелік дастархан жайылады», делінген Әзірет Сұлтан мешітінің таратқан баспасөз баянында.
Осы айтулы мерекеде ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өткізіліп, терме-жырлар жырланып, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Соған орай, мешіт қызметкерлері барша елордалық жұртшылықты мерекелік айт намазына қатысып, мәдени шараларды тамашалауға шақырады.