Астанада ораза ұстаушыларға арнап күнде ауызашар дастархандары жайылады

ТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Елордадағы «Нұр Астана» орталық мешітінде қасиетті Рамазан айының әр күні 500 кісіге арналған ауызашар дастарханы жайылады.

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспанның айтуынша, ауызашар дастарханы адамдар арасындағы татулық пен достықты нығайтушы бір фактор. Өйткені күні бойы аш жүрген ораза ұстаушылар уақыт кірісімен алақан жайып, Алладан дұға тілеп, бір дастархан басында ауызашады. «Мұның бір көрінісі - «Нұр Астана» орталық мешітінің алдында әр күні 500 кісіге беріліп жатқан ауызашар дастарханы. Бұл дастархан басына мемлекеттік қызметкерлер, іс сапарда жүрген жолаушылар, қала тұрғындары мен түрлі әлеуметтік топтағы адамдар жиналады. Мұнда олар байлығы мен мансабы, атағы мен абыройына қарамастан бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болысады», - дейді ол.

Т.Оспанның айтуынша, сүйікті Алла Елшісінің (с.а.с): «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді», - деген хадисін басшылыққа алған мұсылмандар, қаланың әр жерінде өз ниеттерімен ауызашар дастархандарын жайып жатыр. Мәселен, Рамазан айындағы ауызашардың бісмілләсін «Алаша» мейрамханасы бастап берді. Оған қаладағы Ислам дінін қабылдаған өзге ұлт өкілдері шақырылып, орыс тілінде уағыздар айтылды. Келушілерге орыс тіліндегі діни кітаптар сыйға таратылды.

Онымен бірге, 5 тамыздан бастап Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергеновтың ұйытқы болуымен осы аудандағы 20 дәмхана мен мейрамханада ауызашар астары беріле бастады. 29 тамызға дейін жайылатын дастархан басына 1200 ораза ұстаушыны жинау көзделіп отыр.

«Алла тағала баршамызға ораза ұстаушыға тән екі қуаныштың келесі бірі болған жәннаттың Рәийан қақпасын қағуды нәсіп етсін!», - деп тіледі Т.Оспан.