Астанада орфандық аурулары бар науқастарды дәрімен қамтуға қосымша қаражат бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Астанада 120 мың адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуова мәлім етті.

Фото: Pixabay

Қоғамдық кеңестің қарауына Астана қаласы мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы №373/48-VIII «Астана қаласында тіркелген Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдер мен медициналық бұйымдарды қосымша ұсыну туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі шығарылды.

– Амбулаториялық деңгейде жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жергілікті бюджет қаражаты есебінен мәслихат шешіміне сәйкес, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы №75 бұйрығымен бекітілген тегін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесі бойынша республикалық бюджет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта аталған тізімге 95 нозология және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 502 атауы енгізілген. 2026 жылдың алғашқы бес айында 177 нозология бойынша 120 мың науқасқа 12,8 млрд теңге көлемінде дәрілік көмек көрсетілді. Биыл осы мақсатқа бөлінген лимит аясында жалпы сомасы 34,4 млрд теңгеге өтінім берілді, – деді Айнұр Төлеуова.

Оның айтуынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес сирек кездесетін орфандық аурулары бар бірқатар пациент жергілікті бюджет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

– Биыл жергілікті бюджеттен 64 нозология бойынша екі мыңға жуық науқасты қамтамасыз ету үшін 5,4 млрд теңге бөлінді. Ал 2026 жылға қосымша қаржыландыру көлемі шамамен 556 млн теңгені құрайды, – деді басқарма басшысы.

Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері Денсаулық сақтау басқармасының ұсынысын бірауыздан қолдады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда орфандық науқастардың емге қолжетімділігі қиындап бара жатқанын жазғанбыз.