Астанада оригамидің көмегімен сал балаларды сауықтырудың арт-сабақтары өтті

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында қамкөңіл балаларға арналған арт-терапия сессиясы өтті.

Оған «Балам-ай» балаларды дамыту орталығының 20-дан астам орталық жүйке жүйесінің сал ауруына шалдыққан жеткіншектері қатысты.

Аталмыш шара ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайының, Астана қаласының Мүгедек балалар қоғамы қоғамдық бірлестігінің және «Думан» сауда және ойын-сайық орталығының «ОкеанАрт» арт-терапия шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өтуде.

«Өздерінің шектеулі мүмкіндіктері мен денсаулықтарына қарамастан, біздің балалар ең абыройлы, тең құқылы, әлеуметтік маңызды болып табылады. Өйткені олар төзімді, еңбекқор және өте дарынды. Арт-терапия сияқты қызықты жобалар біздің балаларымыздың өміріне жарқын жаңашылдықтар әкеледі», - дейді «Балам-ай» балаларды дамыту орталығының жетекші маманы Бәтима Әубәкірова.

Оның айтуынша, «ОкеанАрт» базасында өткізілетін арт-сауықтыру әдістері сал болып қалған балалардың дамуына зор пайдасын тигізеді.

«Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен өтетін арт-терапия сабақтары сал ауруына шалдыққан балалардың сенімділігін арттырады, қорқыныш сезімін жоюға көмектеседі және ұсақ моториканы дамытады. Бүгін балалар майлы бояумен сурет салып, «оригами» жасау өнерімен танысып жатыр. Бұл білек пен саусақтардағы өте нәзік бұлшық еттердің дамуына өте жақсы», - дейді ол.