Астанада өрт салдарынан үш адам, оның ішінде 1 жасар сәби мерт болды - ТЖМ

АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада көпқабатты тұрғын үйде болған өрт салдарынан үш адам, оның ішінде 1 жасар сәби мерт болды. Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлады.

Өрт кеше, 29 желтоқсан күні кешқұрым Сарыарқа ауданы, Автоматика тұрғын алабындағы бес қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде болды. 30 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 20 шаршы метр аумаққа жайылған жалын бір сағаттың ішінде сөндірілгенімен, 2009 жылы туған нәрестені, 23 және 43 жастағы азаматтарды ажал аузынан құтқару мүмкін болмады. 2010 жылы дүние есігін ашқан тағы бір сәби көмірқышқыл газына улану диагнозымен ауруханаға жеткізілді.

Төтенше жағдайды жоюға ҚР ТЖМ Астана қаласы бойынша департаменті өртке қарсы қызметінің 22 адамы мен 4 техникасы жұмылдырылды.