Астанада орта буын оркестрдiң есеп беру концертi өттi

Астана. Сәуiрдiң 8-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Сейсенбi күнi Қазақ Ұлттық музыка академиясы колледжiнiң қазақ халық аспаптар оркестрiнiң есеп беру концертi өттi,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Орта буын оркестрдiң құрамында 9-12 сынып оқушылары, iшiнара Академияның 1-курс студенттерi бар. Ұзын-саны - жетпiс бес қыз-бозбала. Жоғары буын оркестрiнен бөлек, 2001 жылы құрылған орта буын оркестрi жыл сайын табыстарға жетiп келедi. Олар былтыр елiмiздiң батыс аймағында өнер көрсетiп қайтты. Академияның Орган залында болған бұл өнер кешiнде көрермендерге жаңа бағдарлама ұсынылды. Жеткiншек өнерпаздар күрделi туындыларды батыл игерген. Оркестрдiң көркемдiк жетекшiсi және дирижерi, Нұрғиса Тiлендиев және Шамғон Қажығалиев атындағы, сондай-ақ бiрнеше халықаралық байқаулардың жүлдегерi Маралжан Мырзағұлованың айтуынша, «олардың орындауындағы салмақты шығармаларды кез келген ортаңқол халық оркестрi атқара алмайды». Мұнда оркестрге өңделген қазақ композиторларының туындылары тыңдалды. Есеп беру кешi Мәкәлiм Қойшыбаевтың «Қазақстан» шығармасымен ашылды. Ұзақ жылдардан берi репертуарға алынбаған бұл туындыны жас өрендер осы жолы бiрiншi рет орындады. Ол кеңес заманында «Советтiк Қазақстан» деп аталған. Құрманғазының «Саранжан» және Махамбеттiң «Өкiнiш», Сүгiрдiң «Бозiнген», Тiлендi Атабайұлының «Бауырластарым» мен Нұрғиса Тiлендиевтiң «Махамбетi», Айтқали Жайымовтың «Шалқымасы» және Ермұрат Үсеновтың Желтоқсан оқиғасына орай жазған «Арнауы» жұртылықты бір серпілтіп тастады. Өрендер Мұхаметқали Тiнәлиннiң оркестрге арнап өңдеген Тоқаның «Сән қосбасары» мен «Цыган рапсодиясы» шығармаларының бояуын қанықтыра орындап шықты. Домбырашы Жамбыл Заманбекұлы Қайрақбайдың «Молқоңырын» шерттi.Есеп беру концертiнiң және бiр жаңалығы - республикалық байқаулардың лауреаты Дина Таушева композитор Серiк Әбдiнұровтың орта буын оркестрге арнап жаңадан жазған «Арайлым» әнiн шырқады. Е. Брусиловскийдiң «Қыз Жiбек» операсынан Толқыма ариясын жас әншi, халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерi Сымбат Тасбергенова және талантты әншi, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Азамат Жылтыркөзов Нұрғисаның «Саржайлуы» мен Темiржан Базарбаевтың «Ауылым» әнiн орындады.