Форумның мақсаты — халықаралық және өңірлік тәжірибе алмасу, бала құқықтарын қорғау саласында қол жеткен нәтижелерді талқылау, елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және балаларды қорғаудың ұлттық жүйелерін нығайту бағытындағы алдағы қадамдарды айқындау.
Форум 2026 жылғы 27 қазанда Астана қаласындағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығында өтеді.
Форум аясында балалардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған екі панельдік сессия өткізу жоспарланған:
- «Балаларды цифрлық ортада қорғау және психологиялық әл-ауқат»;
- «Инклюзивті ортаны дамыту және барлық балаға бірдей мүмкіндік беру».
Іс-шараға Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Арнайы өкілі доктор Наджат Маалла М’жид, Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Жапония мен Финляндияның бала құқықтары жөніндегі уәкілдері және Қытай Халық Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі органының басшылығы қатысады.
28–29 қазанда Форум аясында балалармен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер өтеді. Қатысушылар сондай-ақ бала құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау саласында қызмет атқаратын ұйымдар мен мекемелердің жұмысымен танысады. Бұл іс-шаралар қатысушыларға практикалық тәжірибе алмасуға, балаларды қорғау механизмдерін жетілдірудің өзекті мәселелері мен тәсілдерін талқылауға, сондай-ақ бейінді ведомстволар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік бермек.
Форум ашық кәсіби диалог жүргізуге, озық тәжірибе алмасуға және балалардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін шешудің бірлескен тәсілдерін әзірлеуге арналған алаң болады. Атап айтқанда, цифрлық ортадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, психологиялық әл-ауқатты қолдау және барлық балаға бірдей мүмкіндік беру мәселелеріне ерекше назар аударылады.