Астанада Орталық Азиядағы ең үлкен теңіз жануарларының саябағы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отбасылық ойын-сауық саябағының жалпы аумағы 7190 шаршы метр. Мұнда көрсетілім үшін үлкен бассейн қойылған, қосымша тағы екі бассейн - карантин және жарғақтабандылар үшін қарастырылыпты, 400 адамға арналған трибуна және мүмкіндігі шектелген жандарға арналған арнайы орындар бар, деп хабарлайды Астана әкімдігінің сайты.



Теңіз жануарлары паркінің әртістері 4 дельфин (Афалин түрі) және 3 теңіз мысығымен өнер көрсетеді. 40-тан астам түрлі элемент таңғажайып шоу барысында көрермен назарына ұсынылмақ.  

«ЭКСПО- 2017 халықаралық көрмесінің ашылу қарсаңында бүгін қаламызда ең үлкен теңіз жануарларының паркі ашылып отыр. Бұл мәдени-тарихи оқиға. Өйткені, теңіз жануарлары қайталанбас, ерекше шоу көрсетеді. Бүгін шараға 400-ге жуық бүлдіршін келді, олардың арасында мүмкіндіктері шектеулі 100-ге жуық балалар да бар», - деді «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының орынбасары Владислав Сергеев.

 

Қала тұрғыны Ләззат Берсебаева мұндай отбасылық ойын-сауық саябағын алғаш көріп отырғанын айтты. Ол паркке екі баласымен келген. Дельфиндер мен теңіз мысықтарының өнеріне балалар түгілі үлкендер де таңдай қақты.