Астанада өртенген «Лук Ойл Оverseas» ғимаратынан 200 адам қауіпсіз жерге шығарылды

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні Астана қаласының Қабанбай батыр даңғылында орналасқан «Лук Ойл Оverseas» әкімшілік ғимаратында өрт болды.

Бұл туралы ҚР ТЖМ-нан хабарлады.

Өрт 5 желтоқсан күні, сағат 11.53-те ғимараттың 2-інші мен 9-ыншы қабат аралығындағы сыртқы қаптамасы мен жылытқыш материалдарынан тұтанды.

Тілсіз жаудың ошағы сағат 12.16-да жойылып, тағы бір сағаттан астам уақыттан кейін толығымен ауыздықталды.

Жалынмен күресті ҚР ТЖ Астана қаласы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 23 адамы мен 7 техникасы айналысты. Өрт 40 шаршы метр аумақты шарпыды. Ғимараттан 200 адам қауіпсіз аумаққа шығарылды. Құтқарушылар анықтағандай, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.