Кеш бағдарламасында В.А.Моцарттың оркестр мен скрипкаға арналған №4 концерті, П.И.Чайковскийдің «Ромео мен Джульетта» увертюрасы, М.Брухтың оркестр мен скрипкаға арналған №1 концерті орындалады. Бұл шығармаларды ҚР еңбек сіңірген қайраткері, бас дирижер және көркемдік жетекшісі Абзал Мұхитдинов басқарған Астана мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі мен көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты Ордабек Дүйсен орындайды.
Ордабек Дүйсен қазақстандық скрипка мектебінің талантты жас өкілдерінің бірі. Ол 1981 жылы Алматыда музыканттар отбасында дүниеге келген. Күләш Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектебінде, Қазақ ұлттық музыка академиясында және АҚШ-тың Техас штатындағы Даллас университетінде білім алды. Профессорлар Светлана Әбдісадықованың, Айман Мұсақожаеваның (Қазақстан) және Эдуард Шмидердің (АҚШ) шәкірті. Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, жас орындаушылардың ХХ республикалық конкурсының Гран-при иегері, Франц Шуберт атындағы халықаралық конкурстың І жүлдегері. Көптеген шетелдердің беделді сахналарында өнер көрсетіп жүр.
Орбадек өзінің концерттерінің бағдарламасына классикалық муыкадан басқа Қазақстан композиторларының шығармалары мен халық әуендерін қосып отырады, сөйтіп, Қазақстанның музыка мәдениетін шетелдерде насихаттауға елеулі үлес қосып жүр.