Астанада отандық ғарышты насихаттауға арналған көрме ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат- Елорда әкімдігі және «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Қазақстанның ғарыш жолы» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге ғарыш тақырыбына арналған ерекше жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, қазақстандық ғарышкер, Халық Қаһарманы, ҚР Әскери әуе күштерінің генерал-майоры Айдын Айымбетовтің «СОЮЗ» ТМА-16M кемесінен жерге қонған парашютті ғарыш капсуласы, ғарышкердің скафандры, KazEOSat-1 және KazEOSat-2 жерді қашықтықтан бақылау ступниктерінің макеттері қойылған.

Мұндағы мақсат - Қазақстанның ғарыштық қызмет саласын насихаттау мен отандық ғарыш өнеркәсібінің жетістіктерін көпшілікке таныстыру арқылы халықтың заманауи ғарыш технологияларына деген қызығушылығын арттыру.

«Осындағы жұмыстардың ерекше екеніне және қала тұрғындары мен қонақтарының қызыға тамашалайтын көрмесіне айналатынына сенімдімін. Тек қойылған жұмыстар ғана емес, біздің ғарышкерлеріміздің қатысуы да көрмені маңызын арттыра  түсетіндігі айқын. Және де бұл көрмеге Астанадан бөлек өңірлерден оқушылар  келді. Біздің мақсат - жасөспірімдердің ғарыш саласына қызығушылығын ояту», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
 

Сондай-ақ Ермек Аманшаев аталған көрмені Mega Silk Way орталығында өткізу, елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың идеясы екенін айта кетті.

Айта кеткен жөн, отандық ғарышкерлер Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев, А.Айымбетовтердің өмірі мен қызметтік жолынан хабардар ететін стенд қойылған.

«Көрме алдымен жас өскіндер үшін ұйымдастырылды және сонысымен де маңызды. Өйткені, бала күнінде ұшқыш болуды армандамайтын адам жоқ. Міне сондықтан да осында қойылған ғарыш заттары мен суреттер арқылы танысып білсін деген оймен жасалған дүние. Олар ғарышқа ұшпаса да еліміздің ғарыш саласы мен жетістіктерін біліп өссе, ол қуантарлық жағдай», - деді ҚР тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров.
 

Көрме Астанадағы Mega Silk Way СОСО-да 1 қарашадан бастап 2019 жылдың 31 наурызына дейін жұмыс істейді.