Бұл көрме 5 шілде күні өтетін «Астана хаб» халықаралық технопаркінің техникалық ашылуы қарсаңында ұйымдастырылған.
«Бүгінгі көрмеге 40-тан астам отандық компания жүзден астам IT-шешім ұсынуда. Олардың арасында софтверлік (бағдарламалық қамтамасыз ету) шешімдер, геопорталдар, құжат айналымы бойынша және көлік апаттарына болжау жасайтын өзге де бағдарламалар және телекоммуникациялық аппаратуралар бар», - деп жауап берді «Зерде» холдингі АКТ саласын дамыту департаментінің бас менеджері Орынбек Қуаныш журналистерге.
Оның айтуынша, көрмеге IT саласындағы мамандар, үкімет органдарының өкілдері, жеке кәсіпкерлер сынды кез келген тілек білдіруші келе алады.
«Көрмеге келу үшін 900-ден астам адам тіркелді. Бірақ одан да көп қонақ келеді деп жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз - отандық мекемелерді алға қарай дамыту, ішкі және сыртқы нарықта сату әлеуетін арттыру болатын. Қазір бізге Қырғызстаннан делегация келе жатыр, оларға отандық шешімдерді таныстырамыз және көрме аясында қазақстандық компаниялармен екі меморандумға қол қойылады», - деп өз сөзін толықтырды О. Қуаныш.
Көрме 3-4 шілде күндері ЭКСПО аумағында өтеді.