Астанада отбасылық дуатлон жеңімпаздарына Ыстықкөлге жолдама берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада отбасылық дуатлоннан жарыс өтті. Триатлон саябағында өткен жарысқа елорданың спортшы отбасылары жиналды.

«Біз осы дуатлонды Тәуелсіздіктің 25-жылдығына арнадық, ол Ұлттық отбасы күніне орай өткізілуде. Біз үшін бұл спорт мерекесі, өйткені спортқа құмарлық отбасыда дұрыс тәрбиемен беріледі», - деп атап өтті Астананың денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев.

Жарыстың бірінші кезеңінде отағасылар 2 шақырымға жүгірді, сосын олар эстафетаны әйелдеріне берді. Келіншектер өз кезегінде 1 шақырым қашықтықты велосипедпен жүріп өтіп, дуатлон лентасын балаларға тапсырды. Қалған кезеңде 9-дан 14 жас аралығындағы балалар 100 метрге жылдамдыққа жүгірді. Осы үш кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаз отбасы анықталды.

Жеңімпаздарға құнды сыйлықтар берілді. Бірінші орынға Ыстықкөлге жолдама, екінші орынға елордадағы фитнес орталықтың абонементі және үшінші орынға - велосипед берілді.

Сонымен қатар жарысқа қатысушыларға бұл жерде лотерея ұйымдастырылып онда бес велосипед ойнатылды.