«Отбасы - мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекеттің мықты болуы мүмкін емес. Отбасы - адам баласының өсіп - өнер, қаз тұрар, қанат жаяр алтын бесігі. Елімізде бекітілген «Отбасы күні» аясында мемлекетімізде отбасына аса зор көңіл бөлініп, елімізде мерейі кең, үлгілі отбасылардың көп болуына себеп болуда. Семинар-тренингтер айлығы Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өтті», - дейді Б.Жүнісбеков.
Қор директорының айтуынша, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы қазан-қараша айларында мәдениет, ұлттық салт-дәстүрлер және адамгершілік құндылықтар негізінде отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған психологиялық семинар-тренингтер айлығын ұйымдастырған.
«Семинар-тренингттердің мақсаты - жас отбасыларына отбасы құндылықтарын насихаттау, қоғамның қазіргі жағдайындағы жас отбасыларында болатын қақтығыстардың алдын алып, қиын кезеңдеріндегі мәселелерді оңтайлы шешуге психологиялық көмек беру, отбасы арасындағы тұлға аралық қарым-қатынасты сақтап қалу, сондай-ақ мектеп оқушылары ата-аналарына бала тәрбиесіне психологиялық-педагогикалық тұрғыда кеңес беру болып табылады», - деді Б.Жүнісбеков.
Айта өтейік, мәдениет, ұлттық салт-дәстүрлер және адамгершілік құндылықтар негізінде отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған «Мерейлі отбасы» психологиялық тренингтері қазан айының 6-сы мен қарай қараша айының 18-і күндері арасында 10 аула клубы қызметкерлерінің қатысуымен 2 рет, қаладағы 10 орта мектепте ата-аналардың қатысуымен 10 рет өткізілді. Әр семинарда 20 отбасын қамтитын тренингтерді педагогика және психология саласындағы тәжірибесі мол білікті лекторлар жүргізген.