Астанада өтетін аламан бәйге жеңімпазы 15 млн теңге алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 29-30 маусым күндері Астананың «Қазанат» атшабарында Ақтөбе облысының мәдениет күндері аясында спорттық-бұқаралық  шаралар өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Екі күн қатарынан ипподром аумағында Астана уақыты бойынша сағат 18.00-де Астана қаласы, Ақмола және Ақтөбе облыстарының шабандоздары өзара жарысады.

Бүгін жамбы ату, қыз қуу, көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және тазы иттерді  жарыстыру сияқты іс-шаралар өтеді. Жүлде қоры 3,5 млн теңгені құрайды.

Ертең ресми түрде ат жарыстарының ашылуы өтеді. Бағдарлама бойынша түрлі бағытта бәйге ұйымдастырылады. Жорға жарыстың қашықтығы 7 шақырым, жүлде қоры - 6,3 млн теңге. Аламан бәйге бойынша 21 шақырым, жүлде қоры - 15 млн теңге.