Астанада өтетін аспазшылар семинарына 350-ге жуық кондитер қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі мәскеулік аспазшы Ренат Ағзамов елордаға ат басын тіреді. Ертең, 3 шілдеде Тәуелсіздік сарайында мейман Қазақстан мен Таяу шетелден келген кондитерлерге арналған семинар өткізеді. Шараға 350 адам қатысады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ренат шараға қатысушылар үшін қызықты бағдарлама әзірленгенін атап өтті. «Семинарда кондитерлік өнердің қыр-сырымен бөлісемін, торт пісіргенде ғажайып нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін күрделі технологиялар туралы айтамын», - дейді мейман.

Ренат Ағзамов бала кезінен торт пісіреді. Ол апта сайын өз ассортиментіне ондаған жаңа және жетілдірілген рецепттер қосып алады. Дәмі мен көркі әртүрлі торттарға барша әлемнен тапсырыстар түсіп жатады.

Сонымен қатар, Елорда күні аясында шілденің 4-і мен 6-сы аралығында «Аспазшылар шеберлігі - сүйікті қалаға» фестивалі өтеді. Мереке күндері қалалық алаңда жетекші аспазшылар жарысы өтеді.

Жарысқа елордалық мейрамханалардың үздік аспазшылары қатысады. Фестиваль қонақтары ұлттық тағамдардың түр-түрімен танысады. Шара барысында аспазшылар өздерінің ерекше туындыларын көрсетсе, қоғамдық тамақтану кәсіпорындары сервис деңгейі мен сапасын арттыру мүмкіндігіне ие болады.

Әдеттегідей, шара барысында елордалық үздік барменнің және даяшының есімі, сондай-ақ, ең дәмді фирмалық тағам анықталады.