Астанада өтетін байқауға әлемнің 28 елінен жас пианисттер қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Astana Piano Passion 2017» жас пианистер байқауына қатысуға өтінім қабылдау аяқталды. Қазылар алқасы екі апта ішінде 2017 жылдың үздік 30 орындаушысын таңдап алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі .

30 финалға өтуші өнерпаздың аты 20 наурызға дейін жарияланып, олар 2017 жылдың сәуір айында Астана қаласына келіп, өз шеберліктерін көрсетеді және байқау ұйымдастырушыларының ақшалай немесе арнайы сыйлықтарын ұтып алуға күш сынасады.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі музыканттар «Astana Piano Passion» байқауының әділ төрелігіне сеніп, Қазақстанға өз шәкірттерін жіберуде.

Айта кетерлігі, «Astana Piano Passion» төртінші халықаралық классикалық музыка және жас пианистер байқауы Астанада 22 және 28 сәуір аралығында өтеді.

Фестиваль аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балалар, әлемге танымал пианистер мен АҚШ, Ұлыбритания, Польша мен Ресейдің ең үздік ЖОО ұстаздарынан тегін шеберлік сабағын алады. Сонымен қатар, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары алдыңғы байқау лауреаттарының өнерін тамашалайды. Дәстүр бойынша, фестивальдің салтанаты ашылуы мен гала концертінде маэстро Денис Мацуев қатысады.

Балалардың өнер көрсетуіне Астана Опера, Астана Балет және ҚАЗҰӨУ (Шабыт) залдары беріледі. Фестивальдің нақты бағдарламасы жақын арада байқаудың ресми сайтында және байқаудың әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында жарияланады.

Байқаудың жүлде қоры 60 000 доллар.

Байқау лауреаттары атанған жас өнерпаздардың ұстаздары 1 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі.