Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне 40-тан астам мемлекет және үкімет басшылары келетіндерін растады

АСТАНА. Қазанның 15-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне 40-тан астам мемлекет және үкімет басшылары келетіндерін растады. Бұл туралы бүгін Астанадағы лаңкестікке қарсы сәтті стратегия, тиімді саясат, алдыңғы тәжірибе жөніндегі сарапшылар конференциясынан кейінгі баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімов мәлімдеді.

«Саммитке қатысуы туралы өздерінің шешімін растағандарға тоқталатын болсақ, қазіргі кезде бұл елеулі жиынға қатысатындар тарапынан хабар келіп түсіп жатыр. Бүгінде 40-тан астам мемлекет және үкімет басшылары өздерінің қатысатындарын растады»,-деді департамент басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, саммитке қатысатын мемлекет және үкімет басшылары негізінен Еуропа елдерінен, сондай-ақ ынтымақтастық бойынша әріптес Азия мемлекеттерінен келетін мемлекет басшылары.

Айта кетейік, алдағы ЕҚЫҰ саммиті биылғы желтоқсанның 1-і мен 2-сі аралығында Астанада өтеді. Бұдан бұрынғы саммиттер 1975 жылы Хельсинкиде, 1990 жылы Парижде, сонымен қатар 1992 жылы Хельсинкиде екінші рет өткен. Ал 1994 жылы аталған алқалы жиын Будапеште, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда ұйымдастырылған.