Астанада өтетін КО мемлекеттері президенттерінің саммитінде сыртқы және өзара сауда мониторингі жүйесін құру туралы шешім қабылдау жоспарланып отыр

МӘСКЕУ. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Астанада 28-29 мамыр күндері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы аясында Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері «үштік» одақтың сыртқы және өзара саудасының интеграциялық ақпараттық жүйесін құру туралы шешімді талқыламақ.

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Виктор Христенко Мәскеуде ресейлік және шетелдік тілшілермен кездесуі барысында мәлімдеді.

В. Христенконың айтуынша, Астанада жақын күндері өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссиясының отырысында бірқатар мәселелер қарастырылады. Оның ішінде үш мемлекеттің келісілген агроөнеркәсіптік саясатының болашағы сараланып, «үштіктің» 2013-2014 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының бағыттарын анықтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар халықаралық өзара әрекеттесу бойынша бірқатар мәселелер қарастырылады. Оның ішінде ЕЭК жұмыс тәртібіндегі өзгерістер және КО «үштік» елдерінің негізгі сауда серіктестерімен өзара іс-қимылдары бар.

Комиссия басшысы алдағы жиынға КО елдерінің сыртқы және өзара саудасы туралы мәліметті жинау және сараптауға арналған Интеграциялық ақпараттық жүйені құру туралы шешім әзірленгенін атап өтті. Оның көмегімен ұлттық орган үшін аталмыш салалардағы операциялар туралы тікелей ақпарға қолжетімді болып, өзінің жұмысын сәтті түрде реттеуге жол ашылады.

«Басты мәселе ретінде интеграцияны одан әрі дамытуға негізделген жұмыс барысы талқыланбақ», - деді ЕЭК төрағасы.

В. Христенконың айтуынша, үш мемлекеттің басшылары 2012 жылдың желтоқсанында ұлттық үкіметтерге ЕЭК-пен бірлесе бірнеше бағыт бойынша интеграцияның даму болжамдарын 2013 жылдың мамырына әзірлеуді тапсырған. Дайындалған барлық ұсыныстар мемлекет жетекшілерінің қарауына жолданбақ.

«Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесі отырысының қорытындысында ынтымақтастықтың тиісті бағыттары бойынша бірқатар шешімге қол қойылуы жоспарланып отыр», - деді В. Христенко.