Астанада өтетін жәрмеңкеге Ақмола облысынан 83 тонна ет пен шұжық өнімдері әкелінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы демалыс күні (1 қарашада) елордада ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Ақмола облысының тауар өндірушілері биылғы жәрмеңкелер маусымын аяқтайды. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы сауда және қызмет саласы бөлімінің хабарлауынша, жәрмеңкеге өңірдің 17 ауданынан 300-ден астам кәсіпорын қатысады.

Бұл туралы елорда әкімдігінің ақпарат орталығынан хабарлайды.

Қалалық алаңда 120 сауда орны ашылып, 4 киіз үй тігіледі. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына 500 тоннадан астам 53 түрі өнім ұсынылады. Атап айтқанда, 190 тонна картоп, 89 тонна көкөніс, 83 тонна ет пен шұжық өнімдері, 50 тонна ұн, 20 тонна сүт пен сүт өнімдері, 10 тонна қант, 4,5 тонна балық, 3 тонна жарма, 213 мың дана жұмыртқа және 9 мың литр өсімдік майы.

Ақмола облысы да жәрмеңкеге келушілер назарына концерттік бағдарламасын ұсынады. Шара барысында түрлі шығармашылық ұжымдардың 200 астам өкілі өз өнерлерін ортаға салады.