Астанада өтіп жатқан аралас жекпе-жекте испандық спортшы төбелес алдында қашып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше аралас жекпе-жек жанкүйерлері көптен күткен M-1 Challenge 48 турниріндегі Павел Витрук пен Агоней Ромероның арасындағы төбелесті көре алмай, оның неге болмағанын түсіне алмай әлек болды. Мұндай жағдай M-1 Global туринінің 16 жылдық тәжірибесінде бірінші рет болып тұр - аренаға шығайын деп тұрған испандық спортшы жеме-жемге келгенде қашып кетті, деп хабарлайды mixfight.ru.

Витрукпен жекпе-жекке шығуға өзі келісім берген, келісім шартқа өз қолымен қол қойған, Қазақстанға өз еркімен келген Ромеро барлық спортшылардың аренаға шығуына 10 минут қалғанда жоқ болып кетті. Қонақүйден шығып, бапкерлерден жасырынып, телефонын да өшіріп тастапты.

Бейтаныс елде адасып кеткен шығар деген қауіппен спортшыны іздеуге бірден полиция кірісті. Бірақ одан да дым шықпады. Бапкері Испаниядағы туған-туыстарына да хабарласты, бірақ ол жақтағылар да бейхабар. Әйтеуір түнгі үштер шамасында ол әуежайдан табылды. Онда жаяу жетіп, сол жерден Испанияға ұшып кетпек болған екен. Алайда өзінің бұл қылығын ауыр психологиялық жағдайда тұрған спортшы түсіндіре алмады. Испандық команданың бапкері мұндай жағдайға бірінші рет тап болып тұрғанын айтты. M-1 Global компаниясы қызу төбелес ұйымдастыру үшін бар күшін салды, алайда Ресейде екі мәрте жеңіске жеткен Ромеро бұл жолы төбелеске шығар алдында қашып кететінін кім біліпті.