Осыған орай «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Астана Саммитіне арналған барынша қызықты әрі өзекті материалдарға шолуын ұсынады.
***
2 желтоқсан күні аяқталған Астана Саммиті сарабдал сананың салтанатына, еліміздің кемелденуінің келісті көрінісіне айналып, Елбасының ерен еңбегін дүние дидарына таныта түсті. Осы орайда 3 желтоқсанда Ақордада болған ЕҚЫҰ елдері мемлекет басшылары Саммитінің табысты аяқталуының қорытындыларына бойынша өткен кеңесте Елбасы Н.Назарбаев қазақстандықтарды осынау шараны абыройлы өткізуімен құттықтады. Құттықтау мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жарық көрді. «Мен беделді ұйым Саммитінің жемісті өтуімен баршаңызды құттықтаймын! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін, тарихи Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік! Сондықтан, еліміздің мәртебесін көтеріп, мерейін асырған алқалы Саммит жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Мәртебелі меймандар еліміздің кең пейіл қонақжайлығына шынайы риза болды», - дейді Елбасы.
***
«Қырғи-қабақ соғыстан кейін Хельсинки актісімен айшықталып, адамзат тарихы үшін өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа бағыттарға жол сілтеген Хельсинки рухы соңғы жылдары өз қадірін жоғалтып бара жатқандай. Оған жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ саммитінің 11 жыл бойы ұйымдастырылмауы, ұйымды реформалауға қатысты мәлімдемелердің жиі көтерілуі, бір үстел басына Армения мен Әзірбайжан, Ресей мен Грузия басшыларының отырмауы, Батыс пен Ислам әлемі арасындағы байланыстардың нашарлауы, тағы басқа да соңғы 10-20 жыл ішінде туындаған өзекті әрі әлемдік бейбітшілікке нұқсан келтіріп отырған мәселелер дәлел боп тұр. Соған қарағанда мемлекеттер мен өркениеттер арасындағы қарым-қатынастарды жаңа бағытқа бұру аса маңызды. Бұл тұста 13 баптан тұратын Астана Декларациясы әлем қауымдастығының қауіпсіздігін іс жүзінде қамтамасыз етуді көздейді. Отандық сарапшылар бұдан «Астана рухының» лебін сезеді», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның 4 желтоқсан күнгі санында жарық көрген мақала «Астана декларациясы - Астана рухының бастауы» деген тақырыппен басылды.
***
«Жаңа тарихи жағдайда Хельсинки рухы қайта жаңғырды». «Алаш айнасы» газетінің 3 желтоқсан күнгі санында осындай тақырыппен Астана Саммиті туралы мақала басылды. «Екі күнге созылған ЕҚЫҰ саммитінің қорытынды құжаты - Астана Декларациясы түн ортасы ауған шақта сәтті қабылданды. Бұл жаңалықты пленарлық отырыс барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың өзі мәлім етті», делінген мақалада. Мақала авторы Елбасының Самииттегі қорытынды сөзін мысалға келтіреді. «Құрметті әріптестер, ханымдар мен мырзалар! Сіздерге елімізде өткен ЕҚЫҰ Саммитінің қорытынды құжатын әзірлеуге қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Жалпыға ортақ ереже бойынша Астана Декларациясының жобасы Тұрақты кеңесте «Сам.Д1-10» нөмірімен делегация басшыларының тарапынан еш қарсылықсыз Тұрақты кеңеке тіркеліп отыр. Барлықтарыңызға Астана декларациясының қабылданғанын жариялаймын. Соңғы 11 жылдың ішінде алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Декларациясы қабылданды. Бұл - бәріміздің ортақ жеңісіміз. Аталмыш құжат ұйым өміріндегі жаңа кезеңге бастау болады деп сенемін», - деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы.
***
7 желтоқсан күні «Казахстанская правда» газетінде «Миссия выполнена» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Мақалада атап көрсетілгеніндей, Қаржы полициясы академиясының тыңдаушыларымен кездескен ҚР СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынова ЕҚЫҰ Саммиті біздің еліміз ғана емес, сонымен қатар барлық әлемдік қоғамдастық күткен маңызды оқиға екендігін баса айтқан. «Біздің төрағалағымызды кейбір елдердің күдікпен қарағанын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен жауапты миссия барысында барлық күдіктер ада болды. Енді біз еліміз алға қойған міндеттерді еңсере алды деп сеннімен айта аламыз», - деп атап көрсеткен кездесуде М. Жарбосынова.
Сондай-ақ М.Жарбосынова Қазақ елінің алдына өте күрделі міндеттер қойғанын, олардың бірі Ауғанстан проблемасын шешуге қол ұшын беру болғандығын баса айтқан. Бұл орайда Қазақстан бірқатар бастамалар көтергенін тілге тиек еткен.
***
Ресейлік Прайм-ТАСС агенттігі 3 желтоқсанда ЕҚЫҰ елдері Саммитте Астана декларациясын қабылдады деп ақпарат берді. Жетістікке қол жеткізгендігіне қарамастан, жаһандық қауіпсіздік қатерлері әлі де бар. Бұл жөнінде Астана Саммитінің қорытынды құжаты «Жалпыға ортақ қауіпсіздік» декларациясында айтылды. «Әскери-саяси, экономика, қоршаған ортаны қорғау, адам құқы және сөз бостандығы ісінде қол жеткізілген маңызды келісімдер мен қағидаттарды орындау және сыйлау үшін оларды одан әрі алға жылжыту қажет» деп көрсетілген құжатта.
«56 елдің әрқайсысы «Ванкуверден Владивостокқа дейін созылып жатқан еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте қауіпсіздік жөніндегі тең дәрежелік құқықты пайдаланады, олар басқа бір елдермен қауіпсіздік саласында одақ құру немесе бейтараптылықты сақтау құқына ие» делінген декларацияда. Онда ешбір ел өзінің жеке қауіпсіздігін басқа мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіре отырып қорғау құқына ие емес екендігі атап көрсетілген.
***
«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитіне қатысушылар Астанада қорытынды декларацияны қабылдады. Саммиттің бұл қорытынды құжатын қабылдау оңайға түскен жоқ. Оны талқылау алдын-ала жоспарланған бір жарым сағатқа емес, он сағатқа таяу уақытқа созылды», деп хабарлады 3 желтоқсан күні «Би-би-си» агенттігі.
Ресейдің қорытынды құжатқа Грузиядағы әскери жанжалды білдіретін сілтемені енгізуді қолдамайтындығы белгілі болды. Ал ресми Тбилисидің ЕҚЫҰ Саммитінің қорытынды құжатына 2008 жылдың тамызында Оңтүстік Осетияда орын алған кикілжің енгізіледі деп үміт күтетіндігі хабарланған болатын. Ресей делегациясы бұл ұсынысқа барынша қарсылық танытты.
Сондай-ақ, Армения мен Әзірбайжан арасында орын алған Таулы Қарабақ мәселесінің түйткілдері де үлкен әңгіме өзегіне айналды. Егер еске салатын болсақ, Таулы Қарабақ 1991 жылы өзінің Әзірбайжаннан тәуелсіз екенін жариялаған болатын. Алайда, Әзірбайжан оны өз құрамында сақтап қалғысы келді. Таулы Қарабақты Армения қолдады. Осыған орай орын алған жанжалдан екі жақ 30 мыңдай адамынан айырылды. Ақырында Әзірбайжан Таулы Қарабақ өңіріне бақылау жасау мүмкіндігін қолынан шығарып, Таулы Қарабақ республикасы құрылды. Бірақ оның тәуелсіздігін әлі күнге дейін бірде-бір мемлекет таныған емес.
***
3 желтоқсан күні «Белта» Беларус ақпарат агенттігінің сайтында «Саммит ОБСЕ в Астане принес Беларуси конкретные внешнеполитические результаты» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада Ұйымның Астанада ұйымдастырылған саммиті 11 жылға созылған үзілістен кейін алғаш рет өтуі, сондай-ақ оған қатысушылардың қорытынды декларацияға қатысты консенсусқа келе алуы сәттілік деп санауға болатындығы баса айтылған.
«Қазақстандық дипломатияның шеберлігіне таңданбасқа болмайды: Астана өзінің ЕҚЫҰ төрағалығы аясында барлық мүдделік танытқан ойыншылардың қатысуымен «Бөлінбейтін желілі Еуропа» проблемасын талқылауда ұзаққа созылған үзілістен кейін 56 мүше мемлекет өкілдерін бір үстел басына жинай алды», - делінген мақалада.