Астанада өткен кеңесте алдағы 10 жылға арналған ҚР Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелері талқыланды

АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Астанада ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақовтың төрағалығымен Мемлекет басшысының 2009 жылғы тамыздың 24-індегі №858 Жарлығымен бекітілген, 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелеріне арналған кеңес болып өтті.

Жаңа құқықтық құжат мемлекеттің алдағы он жылдағы құқықтық саясатының негізгі басымдықтарын, оның ішінде ұлттық заңнаманы, елдегі құқық қорғау мен сот жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттарын айқындайды.

Мемлекеттің құқықтық саясаты негізгі бағыттарының тұжырымдамасына сәйкес белгіленген құқықтық жүйені кешенді дамыту мемлекеттілікті және заңдылық тәртібін нығайтуға, адамның конституциялық құқығы мен бостандығының сақталуын, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Кеңесте Құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелерін тиімді және жоспарлы іске асыру бойынша кешенді іс-шараларды айқындауға қатысты мәселелер талқыланды.

Талқылау қорытындылары негізінде көрсетілген мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді және қажетті ұсыныстар әзірленді. Олар Қазақстан Республикасының жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шараларды даярлау кезінде ескерілетін болады.