Астанада пара хоккейден әлем чемпионаты аяқталды

Астанада өткен пара хоккейден әлем чемпионаты мәресіне жетті. Елімізде алғаш рет өткен әлем чемпионатына барлығы 6 команда қатысты, деп хабарлайды Kazinform елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: Астана әкімдігінің бапасөз қызметі

Финляндия, Словакия, Швеция, Ұлыбритания, Жапония және Қазақстан құрамалары өнер көрсетті.

Қазақстан ұлттық құрамасының кеңесшісі Николай Шаршуковтың айтуынша, ойын барысында Қазақстан құрамасы В дивизиондық орнын сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі доданы сәтті аяқтады.

«Кез-келген жарыста әр команда жеңіске жетуге ұмтылады. Оның үстіне 2021 жылы ғана құрылған команда бір жыл ішінде С дивизионында 2-орын алды.
Ойыншылар осы қарқынмен жоғарғы лигадан үмітті болды. Дегенмен жарыс барысы Қазақстанның лайықты деңгейін көрсетті. Алдағы уақыттағы жоспарымыз 2024 жылы В дивизионының кезекті ойындары өтеді. Әзірге біздің мақсатымыз – әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, биылғыға қарағанда жақсы нәтиже көрсету», - дейді Николай Шаршуков.

Чемпионаттың соңғы ойынында еліміздің спортшылары Ұлыбритания командасын 4:3 есебімен жеңіп, турнирдің жалпы рейтингінде төртінші орынға тұрақтады.

Жарыстың нәтижесі бойынша Жапония мен Словакия құрама командалары А-pool пара хоккейден әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды.

Жарыстың ұйымдастырушылары – ҚР Туризм және спорт министрлігі, SportQory, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан халқына» қоры, Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитеті және Астана қаласының спорт басқармасы.