Астанада отырып ауыл жастарының жағдайын жасауға бола ма?»- республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Ойындардың бесінші күнінен де тым үмітсіз емес едік. Осының алдында ғана ауыр атлетика құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ни әйелдердің 69 килоға дейінгі салмағында бәрімізді тосын сыйдың күтіп тұрғанын айтқан. Соңынан білдік, сол салмақ дәрежесіндегілер сайысына шығатын Анна Нұрмұхамбетованы жүлделі орындар үшін айқасқа дайындаған екен. Өкінішке қарай, бұл тілек сол тілек күйінде ғана қалып қойды. Бәріміз ішімізге демімізді тартып тұрып, қатты үміт күткен дзюдошымыз Максим Раков өзінің бірінші белдесуінде-ақ мұрттай ұшты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Олимпиаданың 5-ші күніндегі жарыстар жайында басылымның бүгінгі санындағы «Үміт пен күдік» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар. 

Қазақстанның барлық жұмыс істейтін азаматтары тиісті зейнетақымен қамсыздандыруға құқылы және міндетті зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударуы тиіс. Әрбір адам жинақтаушы зейнетақы қорларының біреуін алдын ала таңдай отырып, бірінші жасайтын қадамы - онымен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасауы тиіс. Тиісті қорды қалай таңдауға болады, оның қызметінің қандай негізгі аспектілеріне назар аударған жөн? Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген ҚР Ұлттық Банкі Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Ләззат Үсенбекова жан-жақты әңгімеледі. Екеуара әңгіме тақырыбы - «Қор таңдаймыз: әр қадам сайын».

***

«Білім және ғылым министрлігі жасаған мемлекеттік Жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы жастар арасында талқылауға түсіп жатыр. Кеше тұжырымдама жобасын Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымова еліміздегі жастар ұйымдарының басшыларымен бірге талқыға салды», -деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Астанада отырып ауыл жастарының жағдайын жасауға бола ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Тұжырымдама авторлары бұл құжатта осы кезге дейін назардан тыс қалып қойған ауыл жастарына көбірек көңіл бөлініп отырғанын айтады. Осының өзі биліктің «осы кезге дейін ауыл жастарын назардан тыс қалдырып алғанын» мойындағанын көрсеткендей. «Ештен кеш жақсы» демекші, енді жаңа Тұжырымдама сол бір олқылықтың орнын толтырса игі. 

«Айқын» газетінің жазуынша, тамыз айының алғашқы онкүндігі біздің үкіметтің уақытша тайм-аут алатын кезі. Үкімет пен Ақорда жақтан келетін қайнап тұрған тапсырмалар осы кезде саябырсиды. Үкімет қабырғаларындағы, электронды БАҚ-тағы уақытша тыныштыққа қарап отырып бала күнімізде КСРО тарихының Ұлы Отан соғысы бөліміндегі «Тише! Все ушли на фронт» деп тұрған атақты қызыл әскердің суреті бейнеленген картина еске түседі. «Осыдан жетпіс жыл бұрын КСРО-ның бас ұранына айналған тақырыпты сәл ғана заманауиландырсақ. «Тыныштық сақтаңыздар! Үкімет - шетелде. Демалыста» деп айқайлап шыға келеді. Олардың демалысқа кетуімен уақыт тоқтап қалмайды. Бас уәзірлеріміздің біразы демалыста жүргендіктен, сіздерге ұсынып отырған деректеріміз үшінші-төртінші дерек көздерінен келіп жатыр. Себебі біздің шенеуніктеріміздің басым көпшілігі «қазақ баспасөзі өздерімен бірге демалады» деген ескі ұғымнан әлі күнге дейін арыла алмай келеді», - деп жазады басылым «Шенеуніктер де шаршайды ғой...» деген тақырыптағы мақаласында.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында кинорежиссер, сценарист, продюсер Эля Гильманмен арадағы сұхбат «Режиссер мен продюсерлер арасында бітіспейтін соғыс бар» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Кинематография кәсібінде талант, бақ пен ниетке қоса, жоғары білімді  де меңгерген дұрыс. Америкадағы екі айлық іс-тәжірибемен бұл кәсіпті меңгеру мүмкін емес. Неге екені белгісіз, қазір екінің бірі дағды мен білімсіз-ақ продюсер немесе режиссер, суретші немесе оператор болуға ұмтылатынды шығарды. Актер болуды да солай оңай көреді. Басқасы басқа, актерлік - бұл, ең алдымен, мамандық!», - дейді.

***

«Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бедр­жих Копецкиді қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақ­тас­тықтың өзекті мәселелері тал­қы­лан­ды. Екі ел қарым-қатына­сы­ның стратегиялық әріптестік си­патқа ие екендігі аталып өтілді. Мә­жіліс спикері Қазақстанның орны айрықша саналатын Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің арасындағы ынтымақ­тас­тықты нығайтуда ел Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назар­баев­тың рөлі ерекше екеніне баса назар аударды.