Астанада өз жұмысшыларына 27,8 млн. теңге қарыз 5 кәсіпорынның 3-еуі банкрот деп танылды - прокуратура

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласының прокуратурасында өткен «дөңгелек үстелде» еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Аталған шара Бас Прокуратураның «Жалақы - уақытында!» жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Жиынға ресми органдардан бөлек  азаматтардың еңбек құқықтарын бұзу фактілері орын алған елордадағы 15-ке жуық кәсіпорын басшылары қатысты.

Жиынның басты мақсаты  - азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау саласындағы өзара белсенді іс-қимыл жасау, ақпарат алмасу, түйткілді мәселелерді жедел шешу үшін мемлекеттік органдардың, кәсіподақ ұйымдары мен жұмыс берушілердің қызметін үйлестіру. Кездесу барысында қалалық прокуратура 2012 жылға арналған бақылау-қадағалау қызметінің нәтижесін жариялап, жалақы бойынша берешектің пайда болу себептеріне де мән берген. Атап айтқанда, прокуратура органдары 2012 жылдың 8 айындағы қадағалау қызметі барысында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау саласында 47 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 2537 заң бұзушылықты анықтаған. Қабылданған прокурорлық шаралар бойынша 25 ұйғарым, заң бұзушылықты жою туралы 25 ұсыныс жасалған, 1 наразылық қанағаттандырылып, 31 ескерту берілген. 2099 азаматтың конституциялық құқығы қорғалып, 97 адам әкімшілік жауапкершілікке, 5 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

2011-2012 жылдар аралығында астананың құқық қорғау органдары жалақы төлемеу фактісі бойынша 8 қылмыстық іс қозғаса, оның ішінде 5 қылмыстық істі Астана қаласының прокуратурасы қозғаған.

Қазіргі уақытта елордада 5 кәсіпорынның 290 жұмысшы алдындағы жалақы бойынша берешегі 27,8 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде 3 кәсіпорын банкрот деп танылып, конкурстық үдерістер жүргізілуде.