Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтың айтуынша, бүгінде өзбек азаматтарының құқықтарын қорғау мақсатында Ресейдің Санкт-Петербор, Қазан, Ростовтағы Дон, Екатеринбор мен Владивосток қалаларында консулдық қызметтерді ашу мәселесі пысықталып жатыр. "Біз ұлттық заңнамамызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, дипломатиялық қызметімізді кеңейтетін боламыз. Бұл - Өзбекстан президенті белгілеген негізгі басымдық. Басты мақсат - өзбек азаматтары қай жерде жүрсе де, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау", - дейді Камилов.
Министрдің сөзіне қарағанда, ел азаматтарының өтініштерін қарау мерзімі де қысқаратын болады. Мәселен, шетелде жүрген Өзбекстан азаматы өз құжаттарын жоғалтса, оның жеке мәліметтерін нақтылауға кететін уақыт 3 айдан 7 күнге дейін азаяды.