Астанада өзге ұлт өкілдері арасында Абай оқулары өтті

None
АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада өзге ұлт өкілдері арасында «Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты байқау өтуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оған негізінен ЖОО-ның, колледждер мен гимназиялардың оқушылары қатысуға ниет білдірген. Қалалық деңгейде өткен шараға 18 бен 30 жас аралығындағы 70-тен астам үміткер өтініш түсірді. Оның тек үздік 15-і ғана ақтық сынға іріктеліп алынды. Онда өзге ұлттың өкілдері қазақ тілінде ақынның өлеңдерін, әндерін және қара сөзінен үзінді оқып беруі тиіс.

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазының айтуынша, 1 мамыр - Халықтар достығы күніне орай, басқарма сәуір айында 4 іс-шара өткізуді жоспарлауда. Оның басын бүгін «Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген тақырыпта өткен Абай оқулары бастап беріп отыр.

Ертең, 19 сәуірдегі келесі шарада өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілден білімдерін жарыстыратын болады.

«Ертең өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінің білгірлерінің арасында жарыс өтеді. Одан кейінгі шара қазақтардың орыс тілі бойынша білімін сынауға бағытталған. Осы аптаның соңында, жұма күні «Тіл дарыны» байқауы өтеді. Ол жерде ұлтына қарамай, 18 бен 30 жас ортасындағы 3 тіл білетін жастардың жарысы болады»,-деп атап көрсетті О. Асанғазы.

Бүгінгі Абай оқуларында жүлдегер атанған мықтылар республикалық сынға қатысуға жолдама алады.