Астанада «Панфиловшылар: аңызға айналған ерліктің 60 күні» атты кітаптың тұсауы кесілді

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Панфиловшылар: аңызға айналған ерліктің 60 күні» кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап тарих факультетінің Ғылыми Кеңесінің мәжілісінде талқыланып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҒӘК тарапынан басуға ұсынылды. Таралымы 500 дана кітап Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының жәрдемімен Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс ауқымында, профессорлар - В.Григорьев пен Л.Ахметованың авторлықтарымен әзірленді.

«Соңғы кездегі оқиғалар көрсетіп отырғанындай, ақпараттық соғыстар әлемдік саясаттың маңызды элементіне айналуда. Олар көп ретте тарихи құжаттамаларға қатысты. Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің тікелей ұрпақтары болып табылатын авторлар үшін қаһарман бабалар қарсыластарының шабуылдарын өз тарихи алаңында қорғап қалу ар-намыс парызына айналып отыр. Кітапта сол бір кезеңнің бүгінгі немерелері мен шөберелеріне қаһарлы 1941-дің қиын-қыстау күндеріндегі біздің жерлестеріміздің іс-қимылы туралы әңгімелеуге тырыстық», - дейді кітап авторы, профессор Ләйлә Ахметова.

В.Григорьев пен Л.Ахметова Ұлы Отан соғысының ең күрделі кезеңіне байланысты бірқатар оқиғаларды тарихи талдау тұрғысынан алғанда өткен уақыттың белгісіз тұстарын толықтыруға талпыныс жасаған.

Оқулық-практикалық басылымда И.В. Панфилов атындағы 316 атқыштар-8 гвардиялық дивизияның қиян-кескі ұрыстары мен ерліктері, өмірі мен тұрмысы күн санап көрсетілген. Сондай-ақ Рокоссовскийдің 16 армиясына, панфиловшыларға қарсы тұрған неміс жағының да 60 күн бойғы күнделікті естеліктері мен құжаттары берілген.

Кітап студенттерге, жастарға, саясаткерлерге, педагогтарға, ХХ ғасырдың тарихы мен ақиқатына қызығатын жұрттың барлығына арналған.