Астанада пара дзюдодан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті

Фото: Фото: Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында пара дзюдодан әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Министрліктің мәліметінше, іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық зағиптар спорт федерациясының (IBSA) президенті Ильгар Рагимов, IBSA дзюдо комитетінің төрағасы Янош Тардош, сондай-ақ дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық спорт ұйымдары, ұлттық федерациялар мен серіктестер қатысты. 

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ербол Мырзабосынов жарыстың ресми ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, әлем біріншілігіне қатысып жатқан спортшыларға сәттілік тіледі.

– Қазақстанда паралимпиадалық қозғалыс қарқынды дамып келеді және бұл қоғамда инклюзивті құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Соның ішінде пара дзюдо спортынан отандастарымыз халықаралық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Токиода өткен Паралимпиадада отандастарымыз үш күміс медаль иеленсе, Парижде бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Құрамамыздың сапында әлем және Азия чемпиондары бар. Астанада әлем чемпионатының өтуі – еліміздің халықаралық деңгейде спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатындығының айқын дәлелі. Бұл чемпионатта да спортшыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенемін, – деп атап өтті Туризм және спорт министрі.

IBSA президенті Ильгар Рагимов та чемпионат қатысушыларына жылы лебізін білдіріп, Қазақстанға келу өзі үшін үлкен мәртебе екенін, елімізден әрдайым шынайы қонақжайлық пен дзюдоға деген адалдықты сезінетінін атап өтті. 

Фото: Туризм және спорт министрлігі

– Қазақстанмен алты жылдан астам уақыт бойы ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Алғашқы екі халықаралық турнир Атырауда өтсе, кейін Астанада Grand Prix кезеңі мен Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Осы тәжірибеден кейін біз Қазақстан әлем чемпионатын өткізуге толық дайын деген ортақ шешімге келдік. Чемпионатқа дайындық бір жыл бұрын басталды және бұл үдеріс Халықаралық дзюдо федерациясымен тығыз байланыста жүзеге асты, – деді Ильгар Рагимов.

Айта кетейік, пара дзюдодан әлем чемпионаты 13-15 мамыр күндері өтеді. 

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Биылғы додаға 38 елден 300-ден астам спортшы қатысып жатыр. Жарыста 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 16-сы Паралимпиада бағдарламасына енсе, қалған төртеуі жаңадан қосылған салмақтар бойынша үлестіріледі. 

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Бұл – 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу турнирі мәртебесіне ие беделді жарыс.

Айта кетейік, бүгін, 13 мамыр күні Астанада дзюдодан «2025 IBSA Judo World Championships Astana» жарысында ел құрамасынан 9 спортшы жүлдеге таласады.