Астанада паралимпиадашыларға «Қайсар тұлға» сыйлығы тапсырылды

None
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Тең мүмкіндіктер спорты» ұлттық жобасы аясында тұңғыш рет «Қайсар тұлға» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, қазақстандық паралимпиадалық қозғалысының тарихында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі спортшылардың қатысуымен мұндай шара өтіп отыр. Онда мүгедектер спортындағы үздік жаттықтырушылар мен спортшылар, меценаттар және облыстық (қалалық) клубтар, мектептер мен бөлімдер марапатталды.

Жыл сайын жалпы алғанда мүгедектер арасындағы спорт түрлерінен 40-тан аса ел чемпионаттары өткізіледі. 2003 жылы құрылған Қазақстанның ұлттық паралимпиадалық комитеті еліміздегі спорттық ұйымдардың үйлестіруші органы болып қана қоймай, халықаралық аренада қазақстандық мүгедек спортшылардың мүддесін қорғап келеді.

Бүгінде елімізде 2500-ден астам адамды қамтитын мүгедектерге арналған 6 спорт клубы, 2 мүгедектер мектебі және басқа да спорттық бөлімшелер бар.

Естеріңізде болса, Лондонда өткен 2012 жылғы ХІҮ жазғы Паралимпиадалық ойындарда Қазақстан лицензия алуда рекорд жасап, дүбірлі додаға елімізден 7 паралимпияшы қатысқан болатын.

Қазіргі уақытта кезекті 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы паралимпиялық ойындарға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, кеше ғана ҚР Ұлттық паралимпиялық комитеті мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арасында елімізде мүгедектер спортын дамыту саласында өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Аталған шара осындай айтулы оқиғалармен байлынысты ұйымдастырылып отыр.