Астанада параспортшылардың құрметіне көрме ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның ұлттық мерекесіне орай және Парижде өтетін Олимпиада ойындарының ашылу қарсаңында Францияның Қазақстандағы Елшілігі, ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті, қала әкімдігі және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық дайындық орталығы «Астана — Париж 2024: Фокуста гандиспорт және Паралимпиада ойындары» фотокөрмесін ашты.
Көрмеге 50-ге жуық фотографиялық жұмыс қойылған. Онда параспорттың жүлдегерлері бейнеленген.
Оның кейбіреуі 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Париждегі Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғайтынын атап өткен жөн.
«Өкінішке қарай, паралимпиадалық спортшылар жиі көлеңкеде қалады. Көрме арқылы паралимпиадашыларға құрмет көрсеткіміз келді. Биыл Францияда 4,5 мыңға жуық паралимпиадашы спорттың 22 түрінен бақ сынайды», — деді Франция елшісі Дидье Канесс.
Сондай-ақ, көрмеде ірі халықаралық жарыстар кезінде түсірілген 20 фотосурет қойылған.
Онда әртүрлі паралимпиадалық спорт түрлерінен сынға түсіп жатқан француз және қазақстандық спортшылар бейнеленген.
Арнайы әзірленген инклюзивті көрме Атырау көпіріне кіре берісте ақпараттық стендте орналастырылған.
QR код арқылы қазақ және орыс тілдерінде тифлокомментация форматында да қолжетімді.
«Бүгінде Қазақстан қоржынында Франциядағы жазғы Паралимпиада ойындарына спорттың 8 түрі бойынша 21 лицензия бар. Әлі де жолдама алуға болады. Айта кету керек, дүбірлі додаға кейбір спорт түрлерінен тұңғыш рет қатысамыз», — деді спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Марат Қаскербаев.
Оның айтуынша, елімізде 57 мың мүмкіндігі шектеулі адам спортпен және дене шынықтырумен айналысады.
Айта кетейік, көрме 14 тамызға дейін жалғасады.