Арнайы жасақталған мектеп жұмысы барысында науқастарға паркинсон ауруын емдеу және оңалту жолдары, өмір салты, тамақтану, диетаны ұйымдастыру мәселелері туралы ақпарат беріледі.
«Паркинсон мектебі пациенттеріміздің өтініші бойынша ұйымдастырылды. Біздің міндетіміз – пациенттер мен отбасы мүшелерін емнің қыр-сырымен таныстыру. Мамандар оларға дәрі-дәрмектердің әсері туралы, оларды қабылдау ерекшеліктері туралы ақпарат бере отырып, салауатты өмір салты негіздеріне, асқыну, өршудің алдын алуға үйретеді», - деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының неврологы Раушан Таутанова.
Аталған медициналық орталықтың мамандары жыл сайын 100-ге жуық адамға қозғалыс бұзылыстары бойынша консультация беріп, ем-дом көрсетеді. Олардың көпшілігі дертіне ота арқылы дауа табады. Ұйымдастырушылар дерегінше, паркинсон мектебінің жұмысы тұрақты іс-шараға айналмақ.