Павлодар облысының жәрмеңкесі «Хан шатыр» СОО аумағында, Жамбыл облысының жәрмеңкесі қала әкімдігінің алдындағы алаңда өтіп жатыр. Жәрмеңкеге Астана әкімі Әсет Исекешев те келді.
Павлодар облысының барлық аудандарынан 100-ден аса кәсіпкер 90 тонна ет және ет өнімдері, 300 тонна картоп, 140 тонна көкөніс және т.б. әкелді. Бұдан басқа, ұлттық тағамдар, Ертіс өңірінің халық шығармашылығы мен қолөнер бұйымдары ұсынылады. Елордалықтар Павлодар облыстық филармониясы шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалайды.
- Бүгін Павлодар және Жамбыл облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр, жәрмеңкелерде азық-түлік өнімдері молынан ұсынылған, бүгін және ертең 40 тоннаға жуық өнім өткізіледі. Таңғы сағат 8-ден бастап адамдар келіп жатыр, ет өнімдерін, көкөністер алып жатыр. Бағалар 15-20% төмен, кейбір тауарлар Астанадағы бағадан 35% дейін арзан, - деді Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.
Жамбыл облысынан жәрмеңкеге жалпы сомасы 300 млн теңгені құрайтын 315 тонна өнім әкелінді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына сапалы, экологиялық таза және пайдалы өнімнің 30 түрі ұсынылады.
«Қазақстанда жасалған» акция аясында ауылшаруашылық және өндірістік көрме ұйымдастырылады.
Айта кетейік, 23-25 қыркүйекте елордада Жамбыл облысының ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мәдениет күндері өтіп жатыр. Бұл күндері астаналықтар өңірдің тарихымен, мәдениетімен және негізгі жетістіктерімен таныса алады.
Кеше М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында С. Маршактың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегі мен Ш. Айтматовтың повесінің желісі бойынша дайындалған «Пегий пёc, бегущий краем моря» қойылымы көрсетілді.
Бүгін, 24 қыркүйекте сағат 18.00 Ф. Буляковтың «Выходили бабки замуж» атты комедиясы сахналанады.
Сонымен қатар, сағат 16.00 Бейбітшілік және келісім сарайында облыс өнерпаздарының «Ұлы дала ұлысым» атты концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылады.
24 қыркүйекте сағат 18.00 «Жастар» театрында облыстық қазақ драма театрының М. Әуезовтың повесінің желісі бойынша Н. Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасы, ал 25 қыркүйекте сағат 16:00 «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылады.
Сондай-ақ, сағат 10.00-18.00 аралығында ҚР Ұлттық музейінде Әулие ата жерінің артефактілерін, қолөнершілер мен көркемсурет туындылары көпшілік назарына ұсынылады, деп хабарлайды astana.kz.