Астанада павлодарлық қаламгерлердің жаңа шыққан кітаптарының тұсаукесері өтеді

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін (сағ. 15.00-де) Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында павлодарлық қаламгерлердің жаңа шыққан кітаптарының тұсаукесері өтеді. Әдеби еңбектер «Фолиант» баспасынан жарық көріп отыр.

Астана жұртшылығы ертең киелі Ертіс өңірінің Ақын Алақан, Арман Қани, Сүлеймен Баязитов және Виктор Семерьянов сынды маңдай алды ақын-жазушыларының туындыларымен таныса алады. Бұл төрт қаламгер де Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері.

Ақын Алақанұлының «Қарасай мен Қызылсай» кітабында шығармалар шынайы сезім шаттығымен, әсемдігімен және көркем образдың айқындығымен, өткір суретімен, кең тынысты ой-өрнектерімен, қоғамның саяси-әлеуметтік өміріне асқақ дауыспен үн қосуымен ерекшеленеді.

Сүлеймен Баязитов «Алаш арыстары» кітабының тақырыптық аумағы өте кең. Жеке адамның көңіл күйі арқылы бүкіл ел өмірі, немесе ел, жер тарихына үңілуінен ақынның биік азаматтық үні, белсенді позициясы анық байқалады.

Арман Қанидың «Сен және мен» кітабы қазақ өлеңіне өзіндік өткір тартыс, сезім күрделілігін әкелумен бірге, оның уақытқа және кеңістікке тән аясын кеңітудің үлгісін көрсете білді. Сондықтан да ақынның лирикалық қаһармандарының әрқайсысы бір әлем.

Виктор Семерьяновтың екі томдық «Я живу в Казахстане» кітабы оқырманды ой қазынасының байлығы және молдығымен, эмоцияға толы терең сыршылдығымен баурап, ерекше әсерге бөлейді.

Сонымен қатар жас қаламгерлер жырларынан құралған «Тәуелсіздік тұғыры» жинағына 2011 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық жас қаламгерлер фестиваліне қатысушылардың жырлары енді.

Аға буын өкілдерімен қоса соңғы уақытта әдебиет керуеніне өзіне тән қарымды қаламымен қосылған, болашағынан үлкен үміт күттірер павлодарлық жас ақын, Назарбаев Университетінің студенті С.Дүйсенбайұлының кітабы да келушілер назарына ұсынылады.

Кешке жиналған қонақтар мен Астана тұрғындары С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы дайындаған Павлодарлық ақын-жазушылардың кітаптарының көрмесін тамашалайтын болады. «Ертіс-Баян кітапханасы» сериясы бойынша соңғы жылдары үздіксіз жарияланып келе жатқан әйгілі асылдардың жинақтары, сондай-ақ жас ақындар шығармашылығы да көрменің шырайын кіргізері сөзсіз.

«Серпігенде бодандықтың тұманын,

Жетті әлемге ұраным мен жыр-әнім» дегендей, тәуелсіз елімізді жырлаған бұл әдеби еңбектердің мақсаты - халықтың рухани байлығын арттыру.

Тұсаукесер кешке Астана және Алматы қаласының ақын-жазушылары шақырылды.

Бұл шараның өтуіне Павлодар облысының мәдениет басқармасы қолдау білдірді.