Астанада «Полиграфия. Жарнама. Кеңсе тауарлары ? 2009» VII Қазақстандық халықаралық мамандандырылған көрме ашылды

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Конгресс-холлда «Полиграфия. Жарнама. Кеңсе тауарлары – 2009» атты VII Қазақстандық халықаралық мамандандырылған көрме ашылды.

Көрме наурыздың 20-сына дейін өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Жыл сайын өтетін осындай көрмелер дәстүрге айналып, өз жемісін беруде. Біздің министрлік мұндай шараларды қолдап келеді. Мен «Полиграфия. Жарнама. Кеңсе тауарлары» көрмесінің қатысушылары жылдан жылға көбейеді деп ойлаймын», - деді көрменің ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Бағлан Майлыбаев.Көрмеге полиграфия саласындағы дәстүрлі және жаңа материалдардың түр-түрі қойылған. Шара барысында Heidelberg, Ryobi, Horizon, Polar, Martini және тағы басқа атақты әлем брендтерінің құралдарының таныстырылымы өтеді. Көрмеге келушілер үшін арнайы стендтер ұйымдастырылған.«Біздің елдердің арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетті. Мен оған жарнама және полиграфия белгілі бір үлесін қосып отырғандығын атап өткім келеді», - деді Ресейдің Қазақстандағы Сауда өкілдігінің консультанты Николай Савидов.