Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында қолға алынған бұл ауқымды ағартушылық жоба – бұқаралық мәдениет пен танымдық білім беруді ұштастырған бірегей алаңға айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Кино мен өнер – төл мәдениетімізді әлемдік аренада танытып, елімізге деген мақтаныш сезімін оятатын маңызды құралға айналып келеді».
Елордалық Kinopark кинотеатрында ARAL деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл – бүкіл ғұмырын Арал теңізінде балық аулауға арнаған Күнтуған Тұрғынбаев туралы портрет-фильм. Деректі фильмді Президент телерадиокешенінің жеке продакшн-базасы Деректі кино орталығы түсірген.
Орталықтың директоры Ақылбек Шалжанов көпшілік алдында сөз сөйледі.
-Кинолекторийдің «Хроникадан – болашаққа» деп аталуы кездейсоқ емес. Хроника – бұл өткен оқиға, камераға таспаланып, кадрда сақталған тарих. Деректі кино орталығы тәуелсіз Қазақстанның шежіресін жинақтауды жалғастырып келеді. Кинолекторий – тек фильм көрсетілімі ғана емес, шынайы диалог, еркін сұхбат. Алда авторлармен кездесу, Қазақстанның болашағы туралы талқылаулар мен пікірталастар күтіп тұр, - деді Деректі кино орталығының директоры.
ARAL деректі фильмі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Көрсетілімнен кейін шығармашылық топ өкілдері қоюшы режиссер, сценарий авторы, продюсер және монтаж режиссерімен кездесу өтті.
Көрсетілімнен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, қоғам қайраткері Б. Омаров деректі фильм туралы өз ойын ортаға салды.
- Деректі фильмнің шығармашылық тобы обьект ретінде Аралды, басты кейіпкер ретінде Күнтуған ақсақалды өте сәтті таңдаған. Бұған дейінгі Арал туралы фильмдер тек трагедияны қамтыса, бұл фильмде басты кейіпкер арқылы теңіздің оралатынына бір үміт бердi. Президент Телерадиокешені Деректі кино орталығының шығармашылық тобын осындай мазмұнды дүниені жарыққа шығаруымен құттықтаймын, - дедi ол.
Кештің ешкім күтпеген ең әсерлі сәті – фильмнің бас кейіпкері, балықшы Күнтуған Тұрғынбаевтың көрермендер арасында отыруы еді. Ол қонақтармен бірге деректі фильмді үлкен экраннан алғаш рет тамашалады. Бас кейіпкер жұртшылықпен кездесіп, басынан өткенімен бөлісу үшін Арал ауданы, Қаратерең ауылынан арнайы ат басын бұрған екен. Балықшының ағынан жарылып айтқан әңгімесі көпшілікті бейжай қалдырмады.
- Менің бүкіл ғұмырым осы Аралдың жағасында өтті. Теңіз біздің өткеніміз, бүгініміз және келешегіміз. Жерлестерімнің атынан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор алғыс айтамын. Халық оның Арал теңізіне, халқына деген шынайы қамқорлығын ешқашан ұмытпайды. Фильм авторларына да мың да бір рахмет. Бүгін осында келіп, Аралдың ұмыт қалмағанын көру – мен үшін зор мәртебе, - деді Күнтуған Тұрғынбаев.
Бүгінде Арал теңізінің тағдыры – балықшы Күнтуған Тұрғынбаевтың жеке басының мұңы ғана емес, халықаралық саясаттың да өзекті тақырыбы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен аймақ елдері Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын жандандырды. Теңізді қалпына келтіру бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қазір Солтүстік Аралда су көлемі артып келеді. Балық аулау жиіледі. Ауылдарда тіршілік қайта жандануда. Аймақ тіршілік, әрі жаңа мүмкіндіктер мекені ретінде әлем картасына қайта оралып жатыр.
Республикалық кинолекторий Қазақстанның 20 қаласын қамтиды. Астанадан кейін фильм көрсетілімі Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады.
Қорытынды көрсетілім 25 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді. Кинолекторий барысында Президент телерадиокешенінің үздік авторлық деректі фильмдері ұсынылады. Көрсетілімдер облыс әкімдіктерінің қолдауымен өңірлік кинотеатрларда өтеді. Көрермен үшін кіру тегін.
Көрсетілім кестесі мен кинолекторий бағдарламасы Президент телерадиокешенінің ресми ресурстарында және серіктес платформаларда жарияланатын болады. Көрермен кинолекторий кестесімен алдын ала танысып, өз қаласындағы көрсетілімге қатыса алады.
«Хроникадан – болашаққа» республикалық кинолекторийінің басты мақсаты – Қазақстанның қазіргі тарихын баяндайтын деректі киноны дәріптеу. Бұл жоба ел өміріндегі маңызды оқиғаларды таспалап, мемлекеттің бейнешежіресін түзу бағытында Президент телерадиокешенінің миссиясын жалғастырады.