Астанада прокуратура қызметкерлерін қайта даярлау курстары басталды

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Бас прокуратурасы институтының бастамасымен прокуратура қызметкерлерін кәсіби қайта даярлау курстары басталды.

Курстар маусым айының 10-20 аралығында өтетін болады. Оған аудан прокуроры қызметіне үміткер ретінде резервте тұрған және соларға теңестірілген прокуратура қызметкерлері қатысады. Курс бағдарламасы аудандар мен қалалардың болашақ прокурорларына қажетті білімді қамтуға негізделген. Курсқа қатысушыларға орталық аппараттың білікті мамандары, құрылымдық бөлініс басшылары дәріс оқып, тәжірибелерімен бөліседі деп күтілуде.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асановтың айтуынша, шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құқыққорғау жүйесін дамыту бойынша тапсырмаларының негізінде ұйымдастырылып отыр. «Курстардың негізгі мақсаты - елімізде заңдылық пен құқықты қамтамасыз ететін жоғары кәсіби мамандар даярлап шығару», - деп атап өтті Ж. Асанов.