Астанада Qyr Space жаңа креативтік кеңістігі іске қосылды

Тақырыптық көрмелер авторы және фотограф Оспан Әлі (Әлібек Ибраев) Qyr Space кеңістігін іске қосты. Бұл фотографтар, видеографтар, ғалымдар, қолөнершілер және басқа да шығармашылық адамдары өз ойларын креативті түрде жүзеге асыра алатын алаң.

Фото: видеодан алынды

Жаңа креативтік кеңістіктің таныстырылымы 16 желтоқсанда EXPО аумағында QYRlike көрме форматы түрінде өтті, деп хабарлайды Kazinform.

«Шығармашылық адамдарына көбіне өз ойлары мен идеяларын ауызша немесе жазбаша жеткізу қиынға соғып жатады. Ал біз соны басқаша жеткіземіз. Менің ойларым фото арқылы жетеді. Ал біреулер өз идеяларын мүсін, көркем сурет және басқа да жолдармен жеткізеді. Біз өз ойларымызды қолөнер, визуалды дүниелер арқылы айтамыз. Осы ретте Qyr Space ойлар мен идеяларды көрсетудің хабіне айналуы керек», - дейді Оспан Әлі өзінің жобасы туралы.

Оспан Әлі бұған дейін ондаған фотокөрмелер ұйымдастырған, мәселен, олардың қатарында БҰҰ-да (Женева) өткізген Men Qazaq Dalasynyn Qyzymyn немесе «Қазақстан – Ұлы дала елі» көрмесі бар. Соңғы өткізген көрмелерінің бірі — астаналық хоспис қызметкерлері мен науқастарына арналған AqJaima жобасы. Осы тұста айта кетсек, жоба таныстырылымы кезінде қатысушыларды табалдырықтан аттай бергенде ақ жаймамен қарсы алады.

«Есіктен кіретін жерге екі төсек жайма іліп қойдық. Біреуі қаптамасы енді ашылған қызыл түсті жаңа болса, екіншісі хоспистен әкелінген қолданылған ақ түсті жайма. Мұның мәні – есіктен енген әрбір адам қай жайма арқылы кіретінін өзі таңдайды. Төсек жайма – өзімізге ар алдындағы тазалығымыз сақталатын жалғыз интимді кеңістік. Күні бойы шаршап, кеш батқанда біз төсегімізге ораламыз, сол кезде төсек жайма біздің таңнан кешке дейін бойымызға жинаған сан түрлі жаман да, жақсы да көңіл-күй, сезімімізді өзіне сіңіріп алатын зат секілді. AqJaima жобасының негізгі мақсаты – кешіру, бойымызды, ойымызды теріс ойдан, сезімнен босату. Себебі біздің ертең таңда оянарымыз, оянбасамыз белгісіз», — дейді Оспан Әлі.

Сонымен қатар көрмеде қолөнершілер мен суретшілер де өз жұмыстарын ұсынды. Мәселен, Гозин ретінде танымал Жанғазы Сейдахмет Оспан Әлінің ойларын жүзеге асыруға көмектесті, яғни тапсырыспен заманауи дәстүрлі стильде сандық жасады. Бұл биыл күзде Оспан Әлі қаржы жинау туралы хабарлағанда осы жобаны қолдағандарға арналған.

«Біз әдетте қаржыны негізінен ауруға шалдыққан науқастардың еміне және өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға көмек ретінде жинауға үйреніп қалғанбыз. QyrSpace үшін қаржы жинау кейсі адамдардың жаңа бастамаларды қолдауға, кез келген бір игі істі дамытуға үлес қосуға дайын екендігін көрсетеді. Менің адамдарым – менің байлығым. Осы жағынан алғанда QyrSpace біздің ортақ жобамыз деп санауға болады. Сандықтың қақпағына біз есімін жазған әрбір адам осы жобаға, креативті индустрияны дамытуға үлесін қосты», - деді ол.

Сондай-ақ QYRlike көрмесінде Айбар Сейсенбінің (суретші), Жадырагүл Жиенғазиеваның (Jady дизайнері), Жанна Нөгербектің (суретші) және Талғат Шідербаевтың (суретші) жұмыстары қойылып, таныстырылды.

Оспан Әлінің айтуынша, көрменің атауы да сөздер «ойынын» білдіреді.

QyrSpace көрмесінде воркшоптар мен шығармашылық кештер өткізу жоспарлануда, олар туралы жоба авторлары әлеуметтік желілерде жариялайды.