Астанада Рауль Валленбергтің 100 жылдығына арналған көркем пошта маркасы айналымға шықты

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазпошта» АҚ-ның  тұңғыш тәулік бойы жұмыс істейтін «Post-24» пошта бөлімшесінің ашылуы аясында швед дипломаты Рауль Валленбергтің туғанына 100 жыл толуына арналған пошта маркасы айналымға енді.

Көркем пошталық марканың айналымға енгізілуі, холокост уақыттарында ондаған мың венгр еврейлерiн құтқарған швед дипломатының 100 жасқа толу тойына арналған. Р.Валленбергке адамзат алдындағы зор еңбегі үшін әлемнің көптеген қалаларында ескерткiштер орнатылған, сондай-ақ АҚШ, Канада, Венгрия және Израильдің құрметтi азаматы атағы берілген.

Р.Валленбергтің суреті бейнеленген марка 4 түсті офсеттік тәсілмен дайындалған, номиналы - 250 теңге, көлемі - 30х28 мм, таралымы - 30 000 дана. Пошта маркасымен қатар алғашқы күннің хатқалтасы және арнайы пошта мөртабаны жасалды.

«Мерейтойлық марканы құрметпен шығарған және үлкен жұмыс атқарған Көлік және коммуникация министрлігіне және «Казпошта» АҚ-ға алғыс айтамын», - деді салтанатты шара барысында ҚР-дағы Израиль елшісі Элияу Тасман.

«Израильде өз өмірімен тәуекел ете отырып, көптеген адамдарды фашисттік жендеттерден құтқарып қалған Р.Валленбергтiң батырлық қылығын есте ұстап келеді. Ол туралы естелік кiтаптарда, музыкалық шығармаларда, кинофильмдерде сақталған. Аудандарға, көшелерге, мектептерге және тағы басқа мекемелерге оның аты берілген», - деп атап өтті Елші.

Марканы ресми түрде айналымға енгізу салтанатты шарасына ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы Ризат Нұршабеков, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Аркен Арыстанов, Израиль мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Элияу Тасман қатысты.