Астанада ресейлік модельер В. Зайцевтің қазақтың ұлттық қамзолдарының авторлық топтамасы таныстырылды

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Кеше кешке Астанада ресейлік модельер Вячеслав Зайцевтің қазақтың ұлттық қамзолдарының авторлық топтамасының таныстырылымы болды.

Сән әлемінің майталманы В. Зайцевтің айтуынша, топтаманың негізіне қазақтың ұлттық қамзолдары, бас киімдерінің үлгілері алынған. «Қазақтың ұлттық қамзолы негіз ретінде алынды және өзіміздің шешімімізге ұлттық тақырыпқа сай дәлдік беру үшін ұлттық дәстүр жалғастығын сақтау керек болды. Қыздардың қамзолдарының жағасына және еркектердің ұзын етекті сүртіктеріне ұлттық өрнектер бастырылды», деді В. Зайцев журналистерге берген сұхбатында.

Бұл В. Зайцевтің өзге халықтың дәстүрлі киім үлгілеріне ден қоюының алғашқы тәжірибесі. Дегенмен ресейлік сәнгер дәстүрлі сән үлгісінен өзгерек, тың идея жасауға тырыстым деді. Жаңа ұлттық киімдер топтамасына шебердің барлық ұжымы бір айға жуық жұмылған. Ал тері бұйымдарын жасауға оның әріптес кәсіби шеберханалары тартылған.

«Қазақстанның ұлттық сән индустриясы өте мықты дамыған. Сондықтан мен үшін идея тұрғысында аса ауыр болды. Отандық сән нарығында бар үлгілерді қайталап жатсам, бұл менің тарапымнан жіберілген үлкен әбестік болар еді. Меніңше, жаңа топтама лайықты орындалды деп ойлаймын», деп атап көрсетті сәнгер.

Оның айтуынша, ұлттық нақыштағы жаңа топтама қоғамда беделді, қазіргі заманғы бизнес-ханымдарға, саясаткерлерге лайықталған. Сондықтан ұйымдастырушылардың ойластыруымен Зағипа Балиева, Гүлжан Қарағұсова және Сәбилә Мұстафина сында еліміздің белгілі саясаткер ханымдары мен мемлекет қайраткерлері топтаманың таныстырылымын жасады.

«Подиумға манекеншілер емес, халыққа елеулі, ел арасында танымал адамдардың шығуы ерекше әсер береді. Олардың даралығы, өзіндік кескін-келбеті топтамаға жарқындық сыйлайды», дейді топтама авторы.

Киімдер топтамасы «ДюМА» киімдер салонына арналған.